ҚАЗАЛЫДА ҮРМӘШ ТҮКТІБАЕВТЫҢ ЕСІМІ ҰЛЫҚТАЛАДЫ
Екінші дүниежүзілік соғыс оты тұтанғанда сол кездегі ортақ Отанымызды қорғау үшін Қазалыдан қаншама азамат аттанып, майдан даласында ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Біраз боздақтарымыз жат жерде опат болып, туған жерден топырақ та бұйырмады. Солардың бірі Отан үшін отқа түскен Кеңес Одағының батыры Үрмәш Түктібаев. Майдан даласында 4 рет жараланып, «Қызыл жұлдыз» орденін алған Үрмәш Кеңестік Латвияны азат ету үшін болған қиян-кескі ұрыста теңдессіз ерлік көрсетті. Оған КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиуымының 1944 жылғы 24 наурыздағы Жарлығымен Кеңес Одағының батыры атағы берілген.
Биыл батырдың туғанына 100 жыл толу мерейтойы аясында Ү.Түктібаев атындағы ауылды абаттандыру жұмыстарына аудандық бюджеттен 63 млн. теңге қаржы бөлінді. Ауыл орталығынан Тағзым алаңы мен жастар алаңы жасалуда. Оған батыр бабамыздың бюсті қойылмақ. Клубтың айналасы мен мектепті қоршауға да қаржы бөлінді. Алты көше асфальттануда.
Шара күні баба атындағы облыстық жас жазба ақындар мүшәйрасы, қылқалам шеберлерінің сайысы, ғылыми-танымдық конференция, гала концерт өткізіледі.