ОБЛЫСТЫҚ ФИЛАРМОНИЯ ҚАЗАНДА ТАШКЕНТКЕ БАРАДЫ
«Жыр керуені» жобасы бойынша облыстық филармония осы жылдың қазан айында Ташкент қаласында гастрольдік концерттер өткізеді. Бұл туралы облыстық филармония директоры Талғат Мақашев Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте айтты.
Өнер ұжымы жетекшісі жыл басынан түрлі жанрлар бойынша 11 облыстық, 1 аймақтық байқау-конкурстар ұйымдастырылғанын атап өтті. Олардың қатарында ақын Зейнолла Шүкіровтің 90 жылдығына арналған облыстық жыр мүшәйрасы, фольклорлық ансамбльдер байқауы бар. Сонымен қатар, Елбасының Жолдауын насихаттауға арналған мәдени үгіт-бригадаларының және клуб қызметкерлерінің байқауы, «Бозторғай» балалар шығармашылығы мен балалар тақырыбына ән жазатын композиторлардың конкурстары және «ЭКСПО қарсаңындағы Қызылорда» атты облыстық әуесқой кино-фото түсірушілер байқауы да жұрт қызыға тамашалаған шараға айналды.
–Осы жылдың тамыз айында Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Қаракөз Ақдәулетова жетекшілік жасайтын балалар студиясының 7 өнерпазы Болгария елінде өткен халықаралық балалар шығармашылығына арналған екі конкурсқа қатысып, өнер бәйгесінің бас жүлдесі мен І,ІІ орындарын иеленіп келді, – деді филармония директоры.