ЖӨНДЕЛГЕН ЖОЛДАР КӨЛІК ҚАТЫНАСЫНА СЕРПІН БЕРДІ
Бүгінде Қызылорда қаласы кеңейіп, оның сәулеті күннен-күнге айшықтала түсуде. Тіпті, қалаға жақын орналасқан елді мекендер де ажарланып келеді. Солардың бірі – Тасбөгет кенті.
Бұл елді мекенде атқарылған көңілге қонымды шаруалардың қатарына жол жөндеу жұмыстарын жатқызуға болады. Кент әкімшілігі берген мәліметке сүйенсек, 2014 жылы кенттегі 16 көшеге күрделі жол жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жоба-сметалық құжаттары дайындалған болатын. Биылғы жылы осы жоба бойынша облыс бюджетінен тиісті қаржы бөлініп, Ж.Махамбетов, Тәуелсіздік, М.Шоқай. Қ.Исмайлов, Школьная, Ш.Есенов, М.Мәметова көшелері жөндеуден өтті. Сонымен қатар, Ә.Молдағұлова көшесін күрделі жөндеудің бастапқы жұмыстарын атқаруға да қаржы қаралды.
Мақаланы жазу барысында Тасбөгет кенті Қоғамдық кеңесінің төрағасы, еңбек ардагері Еркін Шажанбаевқа жолыққан едік.
– Мен осындағы Тәуелсіздік көшесінің тұрғынымын. Қоғамдық кеңестің төрағасы ретінде көптеген жұмыс жасалып жатқанын айта аламын. Жол жөндеу жұмыстары соның бірі ғана. Қазір кентте өз ісін ашып, кәсіпкерлікпен айналысамын деушілердің де қатары көбейді, – деді ол.
Сондай-ақ, кентте құрылысы жүргізіліп жатқан 140 орындық балабақшаға баратын Абай көшесіне орташа жол жөндеу жұмыстарына қажетті қаржысы бөлініп, оған мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Жергілікті өзін-өзі басқарудың қолма-қол ақшаны бақылау шотына түсетін қаржы мөлшері 43 млн теңге көлемінде белгіленіп, 1 тамызда 42 миллионнан аса қаржы түскен.
– Қолма-қол ақшаны бақылау шотына түскен қаржының 12 млн 261 мың теңгесіне кенттегі Қ.Баймағанбетов көшесінің №11 бағыттағы қоғамдық автокөлік жүретін бөлігіне орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілсе, №17, 18 және 22 бағыттағы автобустар жүретін М.Шоқай, Сапарбаев, Ш.Есенов, Абай көшелері ағымдағы жөндеу жұмыстарынан өтті. Бұдан басқа осы шот есебінен кент әкімі ғимаратын ағымдағы жөндеу жұмыстарына 10 млн теңге бөлінді. Көшелерге жол белгілерін орнату, көше атауларын ілу, талдарды кесу, кент әкімдігіне ұйымдастыру техникалары мен құрал-жабдықтар алуға да осы шоттан қаржы қаралды. Бұл жұмыстардың барлығы облыс және қала басшыларының қолдауымен атқарылуда, – деді Тасбөгет кентінің әкімі Пакуатдин Шамұратов.
Мұндай атқарылған жұмыстарға кент тұрғындарының да көңілі толатын сыңайлы.
– Құдайға шүкір, кентіміз жылдан-жылға жақсарып келеді. Биылдың өзінде қыруар тірліктің атқарылғанын көзіміз көрді. Әсіресе, біз тұратын Ә.Молдағұлова көшесі жөнделіп, асфальтталды. Бұл көлік қатынасын реттеуге де септігін тигізуде. Ең бастысы, ел-жұрт дән риза, – деді еңбек ардагері Пірімжар Демесбаев.
Азиз БАТЫРБЕКОВ.