ЖЫЛУ МАУСЫМЫНА ЖАН-ЖАҚТЫ ДАЙЫНДЫҚ
Кеше облыс әкімдігінде жылу маусымына байланысты штаб мәжілісі өтті. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты. Жиында аймақ басшысы отандық және ресейлік метеорологтардың биылғы қыстың суық әрі ұзақ болатынын айтып отырғанын назарға салды. Ғалымдардың болжамы бойынша алдағы қыс мезгілінде 100 жылда бір келетін суық қайталануы мүмкін. Сондықтан, жылу маусымына мұқият әрі тиянақты дайындалу қажет. Мұндай істе қателіктерге жол беруге болмайды.
Күн тәртібіндегі көтеріліп отырған мәселеге орай облыстық энертика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Медет Усаин баяндама жасады. Ол аймақ бойынша әлеуметтік сала нысандары мен тіршілікті қамтамасыз етуші кәсіпорындардың алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары орта есеппен алғанда 99,6 пайызға орындалғанын жеткізді. Оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарында жөндеу жұмыстары 100 пайызға орындалған. Бұдан бөлек, облыста электр және орталықтандырылған жылу энергиясымен, газбен, сумен қамтамасыз ететін коммуналдық кәсіпорындардың жөндеу жұмыстары толық аяқталған. Қала және аудандардан келген мәліметтерге сүйенсек, қажетті 50 мың тонна қатты отынның 33 мың тоннасы, 27 мың тонна сұйық отынның 17 мың тоннасы алынған. Бұл жылу маусымына керекті отын қорының 64 пайызы қалыптастырылды деген сөз.
Облыс көлеміндегі электр таратушы және өндіруші мекемелердің күзгі-қысқы маусымға дайындығын бағамдау үшін комиссия жұмыс жасауда. Оның құрамына облыстық энергетика және тұрғын-үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы мен аумақтық энергетикалық бақылау департаментінің мамандары енген. Бұл жөнінде Атомдық және энергетикалық бақылау мен қадағалау комитетінің облыс бойынша аумақтық департаменті басшысы Саламат Қалжанов айтып өтті.
Қазіргі таңда «Қызылорда электр жүйесін тарату тораптары» АҚ-ның аудандардағы филиалдары мен қаладағы нысандарының дайындықтары Энергетика министрлігі бекіткен қағидаға сәйкес қаралған. Акционерлік қоғамның биылға жоспарланған ағымдағы және күрделі, сонымен қатар, электр қондырғыларын жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған. Осы сынды мәліметтерді алға тартқан С.Қалжанов Қызылорда жылу электр орталығы бойынша да Әйтеке би кентіндегі және қаладағы жылу беру нысандары, қазандықтары мен автономды қазандықтары комиссия отырысында толық қамтылып, қаралғанын тілге тиек етті.
Мұнан кейін мінберге қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев көтеріліп, Қызылорданың жылу маусымына қаншалықты дайын екенін баяндады.
Оның айтуынша, соңғы 5 жылда 8 миллиард теңгеден астам қаржыға қаладағы магистральді жылу желілерінің 60 пайызы жаңартылды. Өткен жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Ұлттық қордан бөлінген 997 млн 178 мың теңгеге ұзындығы 13 шақырымды құрайтын жылу желілері қайта жаңғыртылды. «Қызылорда жылу электр орталығы» кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасы аясында өз қаржысы есебінен 284 млн 411 мың теңгеге станцияның жоғары қысымды құбырлары жөнделді. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасуда. Қызылорда қаласы бойынша жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын жүргізу мақсатында арнайы қалалық штаб құрылған. Жылу жүйелері мен қазандықтарды ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізуге 904 млн 100 мың теңге қаралған. Осы негізде баяндама жасаған қала басшысы әлеуметтік нысандар бойынша алдағы жылу беру маусымында бюджет есебінен қаржыландырылатын 182 мекеме мен 213 шаруашылық нысан орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілетінін назарға салды.
Аймақта жылу маусымына қызу дайындық жүруде. Дегенмен, кемшіліктер де жоқ емес. Атап айтқанда, Арал қаласындағы №260 орта мектептің бу қазандығы ғимаратының құрылысы аяқталмаса, Қазалыдағы «Шұғыла» балабақшасы мен спорт кешенін газ отынына бейімдеу жұмыстары әлі күнге дейін басталмаған. Шиелі кентіндегі 6 мектепті газ отынына бейімдеу жобасы мемлекеттік сараптаманың қарауына кіргізілген. Әйтеке би кентіндегі перзентхана қазандығын сыртқа шығару бойынша жобасын аяқтап, облыстық энертика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына ұсынған. Жылу маусымы жақындап қалғандықтан бұл жобаны келер жылға ауыстыру қарастырылды.
Қала мен әрбір ауданға жеке-жеке тоқталған облыс басшысы орын алған кемшіліктердің барлығын қазан айының басына дейін қалпына келтіруді тапсырды.
Аймақ басшысы әлеуметтік желі арқылы халықтың пікірін сұрап, қай жерде нендей кемшілік бар екенін, қандай жұмыстарды назарға алу қажеттігін талқылауды ұсынып, тиісті тапсырмалар беріп, мәжілісті қорытындылады.
А.Жұмаділдаұлы.