ҚЫЗЫЛОРДАДА БПҰ МҮШЕЛЕРІ ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖОЛДАРЫН ТАЛҚЫЛАДЫ
Қызылорда қаласында «Халық» бастауыш партия ұйымының мүшелері сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды пысықтады. «Сыбайлас жемқорлық жоқ ел – өркендеуші ел» партиялық жобасы аясында өткен жиынға «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шәріп Әбдірахманов қатысты.
Қалалық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаhандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының бесінші бағытына ерекше тоқталды.
– Сыбайлас жемқорлық – Қазақстанның қазіргі экономикалық, саяси және қоғамдық өміріндегі аса өзекті мәселелерінің бірі. Сыбайлас жемқорлық елімізде заңдардың еркін қызмет етуін шектейтін, тиімді шетелдік инвестициялардың келуін тежейтін басты кедергілердің бірі. «Нұр Отан» партиясы өзінің 2015–2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі бағдарламасында осы кедергілерді барынша жоюды көздеп отыр. Ендеше, бағдарламадағы міндеттердің орындалуын қадағалау мен жүзеге асыру азаматтық борышымыз деп санауымыз қажет, – деп атап өтті Шәріп Әбдірахманов.
Кездесу барысында Қызылорда облысы бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Айнаш Нұрманова сөз алып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында партия тарапынан өткізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде, жыл басынан орталықтарда сыбайластық көріністері орын алмағандығын, қызметкерлер арасында сапалы қызмет көрсету мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп отырғандығын жеткізді.
Кездесуде «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңесінің есепті мерзімдегі атқарған жұмыстары туралы хабарлама тыңдалып, жұмыстарды жетілдіру жөніндегі ұсыныстар қабылданды.
Шараны қорытындылаған қалалық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шәріп Әбдірахманов сыбайлас жемқорлықтың жиі бой көрсететін, ең қауіпті түрі – парақорлық екенін баса айтып, іс-әрекеттер байқалған жағдайда «Нұр Отан» партиясының жедел желісіне немесе қалалық партия филиалындағы 26-40-05 байланыс телефонына хабарласуға болатынын жеткізді.