КЕН ОРНЫНДАҒЫ КЕЛЕЛІ КЕЗДЕСУ
Қыркүйектің 25-ші жұлдызында Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы ақпараттық-насихаттық тобы «Торғай Петролеум» АҚ кен орнының ұжымымен кездесу өткізді.
Ақпараттық-насихаттық топтың құрамында Қызылорда облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Асылбек Жұмабаев, «Русская община Казахстана» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Владимир Толоконников, «Қазақстан кәрістері қауымдастығы» Қызылорда облыстық қоғамдық бірлестігі төрайымының орынбасары Вилорий Николаевич және «Торғай Петролеум» АҚ референт – мемлекеттік тіл аудармашысы Т.Сыздықов болды.
Іс-шараның мақсаты - Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» бағдарламасының «Біртектілік пен бірлік» атты төртінші бағытын, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын түсіндіру, этносаралық татулық пен қоғамдық келісім қағидаларын насихаттау, медиация мәселелері бойынша құқықтық кеңестер беру болып табылады.
Кездесу барысында сөз алған «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Асылбек Жұмабаев «Қазақ елі өз алдына тәуелсіздігі мен мемлекеттігін нығайтып, әлеуметтік-экономикалық ахуалын барынша жақсарта түсу арқылы халықтың бақуатты өмір сүруіне барлық жағдай жасауға, сол арқылы әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылуға ұмтылған ел. Ал бұл мақсат-мүддеге қол жеткізу үшін ең алдымен халықтың бірлігі мен берекесі, ынтымағы қажет», - деді.
Ал, «Русская община Казахстана» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Владимир Толоконников «Елбасымыз қазақ елінің біртектігі мен бірлігі, тұтастығын сақтауды әр уақытта қаперден шығарған емес. Бұл саясат 25 жылдан астам уақыт ішінде өз жемісін берді. Елдің бірлігі мығым, этносаралық татулық тұрақтылығын сақтады. Қазақстан қарыштап дамып, әлемге танымал елге айналды. Бұл мемлекеттің жүргізіп отырған саясатының жарқын жемісі екендігі сөзсіз», - деп сөзін қорытындылады.
Облыстық Қазақстан халқы
ассамблеясының баспасөз қызметі