ӘСКЕР – ОТАН – НАМЫС
Бүгінгі таңда еліміздің Қарулы Күштерінің қатарында әскери борышын өтеуге ниеттілердің саны артып келеді. Оның себебі әскери салада заманауи әдіс-тәсілдерді қолданып, кәсіби деңгей арттырылуда, дейді Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Ерлан Абдуллаев Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте.
Шақырту комиссиясының тиісті барлық іс-шараларынан кейін еліміздің әр өңірінен алдын-ала іріктеуден өткен бозбалалар тереңдетілген медициналық тексеріске және психологиялық тестілеуге жолданады. Одан кейін барып, мандаттық комиссияның қорытындысы бойынша ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің қатарына қосу жөнінде шешім қабылданады.
Айта кетерлігі, сайдың серке тасындай іріктелініп алынған жас сарбаздардың әскери бөлімшелерге келу мерзіміне қарай тиісті шаралардың барлығы, оның ішінде жаңа лекті қабылдауға арналған бекеттер ескерілген. Оның құрамындағы қызметтің білікті де білімді офицерлерлері жас сарбаздарға жаңа ортада бейімделуде көмек көрсетіп, әскери кәсіптің қыр-сырын меңгеруде бағыт-бағдар береді. Жас сарбаздар жаңа әрі ыңғайлы үлгілі киіммен, өзге де қажеттіліктермен жабдықталады. Мәселен, заманауи казармалық ғимараттар, күнделікті қажеттіліктерді өтейтін арнайы бөлмелер, монша мен кір жуу кешені, жеке-тәрбие жүргізу, ойын-сауық бөлмелері де қарастырылған.
- Отан алдындағы борышымды дәл осы ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің "Айбын" Президенттік полкінде өтейтіндігімді өз басым үлкен абырой деп білемін. Бізге Мемлекет басшысының және өзге де күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мемлекеттік маңызы жоғары, жауапты міндеттер жүктелген. Қызметте әскери міндетімізді жоғары деңгейде атқару үшін барлық жағдай жасалынған. Сапалы тағам, қажетті киім-кешек, білімімізді жетілдіріп, спортпен шұғылдануға да мүмкіндігіміз мол. Менің ойымша, өзім сияқты әскердегі қатарластарым да, болашақта әскери мамандықты таңдайды деп ойлаймын, - дейді әскери борышын Астана қаласындағы әскери бөлімшеде өтеп жүрген Бекзат Нұрғалиев.
Әр бір жас сарбаздың өмірінде тек қана бір рет әрі есте қалатын маңызды шаралардың бірі - салтанатты түрде әскери Ант қабылдау рәсімі. Бұл акт ерекше әскери жоралғы болып табылады, ол әскери қызметшілерде патриотизм, Отанға және Президентке адал болу, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің қатарында қызмет еткені үшін мақтаныш сезімін тәрбиелейді.
- Ант қабылдау рәсімінен кейін жас сарбаздар ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің Алматы және Астана қалаларында орналасқан әскери бөлімшелерге жіберіледі. Бұл жерде оларға аса маңызды тапсырма - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының, және өзге күзетілетін лауазымды тұлғалар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүктеледі, - дейді ҚР Мемлекеттік күзет қызметі әскери бөлімінің өкілі Рүстем Алшекенов.