ДІЛІНЕ ҚАНАТ БАЙЛАП, МАРЖАН ТАҚҚАН
Дәстүрлі өнердің дүлдүлі, әйгілі жырау Елмұра Жаңабергенова тағдырлы да тағылымды өмір жолын кешкен жан. Бір мезгілдік сырдың қауызына сыймайтын әңгімені әріден бастасақ, Елмұра жеті-сегіз жасында-ақ домбыра тартып, ән айтқан. Сөйтіп жүріп қатты ауырыпты. Анасы Қарамолда деген әулиеге қаратып, дем салдырғанда ол кісі «қызыңда аруақ бар» депті. «Аруағын маған көшір, қызым өкіметтің нанын жеп, өнерін ұстасын» дейді сонда анасы Қантай. Қарамолда осы өтінішті орындап қызындағы аруақты анасына көшіріпті. Ал, кішкентай Елмұраға «тұлпардың басы бол, жыраудың алды бол» деп бата беріпті.
Осы бата қабыл болып, Елмұра мектепті бітірген соң Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясына оқуға түседі. Оқып жүріп талай шет елге шығып өнер көрсетіп, тыңдаушысын таңғалдырады. Елмұра жыр қонған сүлейлер мекені – Нұртуған, Дәріғұл, Жаппарберді, Жансүгір сияқты жампоз жыраулар туған топырақтың төл перзенті еді. Өнер жөргегінен сіңген жас дарын әу бастан-ақ осылай танылып, көкке созған дауысы ешкімге ұқсамайтын ұлттық өнердің жаңа жұлдызы жарқырап шықты.
Сол жылдары консерваторияны Елмұрамен қатар бітірген – Берік Жүсіпов, Бекболат Тілеуханов, Ержан Қосбармақов секілді күміс көмей, алтын алқым жыраулар қазақ жұртына кеңінен танылды. Қазақ жыраулық өнеріне қайта жан біткендей болды. Солардың арасында сымбаты мен сазы үйлескен Елмұраның есімі ерекше естілді.
Әңгіме басында атап өткеніміздей, Елмұраның тағдырлы жолы екі-үш жыл оны хас өнерден алыстатып, күйзеліске түскен кездері де бар. Елден жырақта, жалғыз үйде тұрып, Қамбаш көлінің үстінде қайыққа мініп алып, ақық жырды ақ толқынмен жарыстыра жүздірген кезі енді ертегі сияқты. Сонда аяулы аға Шынболат Ділдабаев кезігіп, «сен өнерге керексің» деп қолынан жетектеп, сахнаға қайта алып шыққан. Мүмкін, сол ағасы кезікпегенде өнерге мүлде оралмас па еді, кім білсін.
Сонан бері Елмұра сахнадан түскен жоқ. Жыраулықтың сарынын зерттеп, білгенін жастарға үйретіп, ұстаздық етті. Орындаушылықтан ән жазуға дейін жетті, бәйгенің басын бермеді. Атағы асқан талай думанның дауылпазы болған дарын иесі Шынболат ағасы айтқандай, шынымен де өнерге керек екен.
1998 жылдан 2016 жылға дейін Қазақстан республикасы «Ұлан» гвардиясының Президенттік оркестрінде әнші болды. Аралап талай жердің дәмін татып, шет елдердің талғампаз тыңдарманының бағасын алды. Оның даусы Американың алтын қорына жазылып алынды. Елмұраның 100-ге жуық мақаммен жырлайтынын естіген шет ел ғалымдары әуелі оның жадына таңғалса, сосын Сыр деген киелі өлкеде осынша мұраның сақталғанына тәнті болды. Елмұра жырлағанда «Алпамыс», «Қыз Жібек» эпостарын, Нұртуғанның «Орақ-Мамай», «Тағаймұрат» дастандарын, қаншама сүлей баба¬ларының жыр-термелерін тер сүртетін уақыт қана бөгеледі. Арқан керіп тоқтататын жүйріктей арынына өзіңіз де таңдай қақпай тұра алмайсыз. Айтпақшы, бұл жыраудың азан шақырып қойған аты Эльмира болатын, елдің мұрасын таңнан таңға жеткізіп жырлайтын осы қасиеті арқылы Елмұра атанды.
Өнер жолында бағы жанған Елмұра талай атақтарымен бірге «Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері» жоғары атағын алды. Өнертану ғылымының кандидаттығын қорғады. «Елмұра» деп ат берген елінің сүйіспеншілігін иеленді.
Былтыр капитан әскери шенімен Президент оркестріндегі қызметінен құрметті демалысқа шығып, қазір Қазақ Ұлттық өнер академиясының «Дәстүрлі ән-жыр» кафедрасына орналасып жатыр. Енді шәкірт дайындап, өз мектебін қалыптастыруды қолға алады. Жақында «Арал, Қазалы орындаушыларының мақамдары» деп аталатын оқу-әдістемелік еңбегі жарық көрді.
Үйінде де екі шәкірт өсіріп отыр. Бірін «Сарсандығым», бірін «Ақсандығым» дейді. Үлкені Салтанат Өнер универ¬ситетінің студенті. Негізгі мамандығы анимация режиссері болғанымен, қылқобызды жақсы меңгерген. Кішкентайы Сандуғаш мектепті бітірген жоқ, оның да қолынан домбырасы түспейді. «Жалпы өнер, оның ішінде халық өнері – оқумен, үйренумен емес, қанмен даритын кие. Бәрінен бұрын қасиетіңнен айналайын жыр-термені айтсайшы! Жыр-терме айтқан адамның бойына адалдық, батырлық, елсүйгіштік сезім берік қалыптасады. Жыр-терме – тұнып тұрған шариғат өсиеті, ар-намыс кодексі. Жыр толғаған адамның жан-дүниесінің таза болмауы мүмкін емес».
Елмұра осылай дейді. Елмұраның өз бойында да осы мінез-құлықтың бәрі бар. Жақын араласып жүрген біз оны жақсы білеміз.
Д.АЯШҰЛЫ.