ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚАНЫМЫЗДА БАР
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қолға алған «Атамекенім» акциясы қайырымдылық, ізгілік секілді қасиеттерді айшықтап, ел қолдайтын ауқымды акцияға айналды.
Қайырымдылық жасау, біздің қанымызда атам заманынан бар нәрсе. Бұл танымайтын адамын төрге өткізіп, барын берген бабаларымыздан қалған дәстүр. Мыңдаған жылдар мен ғасырлар өтсе де, заман өзгерсе де, жүрегіміздегі иманымыз бен адами қасиеттеріміз әлі жоғалған жоқ.
Қазірде осы қасиет жаңаша сипатқа ие болды. Оның дәлелі табысын төңірегімен бөліскен кәсіпкерлер, қамқорлыққа зәру жандарға қолұшын созуға жаяр қарапайым азаматтар. Алысқа бармай-ақ, ас беру, құдай тамақ, жеті шелпек, садақа беру деген іс-шаралар осы қайырымдылықтың нышаны болып табылады. Аманатталып келген осы дәстүрлер біздің балаларымыздың бойында мейірімділік пен жанашырлық деген қасиеттерді сіңіреді.
Біздің компания қазір Қызылорда қаласында денсаулық сақтау саласындағы жаңа әлеуметтік нысанның құрылысын салу жобасын қолға алуда. Аталмыш нысан қызылордалықтардың денсаулығын нығайтуға айтарлықтай үлес қосады деп сенеміз.
Ал қазір жасап жүрген қайырымдылық шараларымыздың бірнешеуіне тоқталып өтсем.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мемлекеттік тапсырысы негізінде біздің клиникада ауыр сырқатты емделушілерге медбикелер күтім көрсетуде. Бүгінде 50 емделуші тегін ем алып жатыр.
Мұнан өзге, біз медицина колледжінің студенттері мен бітірушілерін тегін оқытып, өндірістік практикадан өткіземіз.
Сондай-ақ, жақында клиникада «Мама - емші» қайырымдылық жобасын жобасы жүзеге асырылды. Жоба аясында арнайы шақыртылған маман ДЦП-мен ауыратын балалардың ата-аналарына массаж жасау арқылы науқас баланы сауықтыруға арналған жаңа емдеу әдісін тегін үйретті.
Сонымен қатар, «Ел-арай» қоғамдық қорымен Қызылорда қаласындағы 5 аз қамтылған отбасы балаларын емдеу мен сауықтыруға арналған меморандумға қол қойдық.
Кәсіпкерліктің ең басты қазынасы – адам, яғни өзіңмен бірге жұмыс жасайтын, идеяңды бірге жүзеге асыратын жандар, жаныңдағы әріптестерің.
Қазір клиникамызда 25 адам жұмыс жасайды. Олардың 2-еуі жалғызбасты ана, 4-уі көпбалалы отбасыдан, 2 қызметкердің мүмкіндігі шектеулі, 7 адам зейнет жасында, 6 адам жас маман. Зейнеткерлеріміз тәжірибелі, жастарға сала бойынша жан-жақты қолдау көрсетіп, маман ретінде қалыптасуына айтарлықтай үлес қосуда.
Біз ең алдымен барлық қызметкерлерімізге сақтандыру келісім-шаттарын жасаттық. Бұл қадам мен үшін де, әріптестерім үшін де маңызды шара. Мұнан өзге, қызметкерлер клиникадағы барлық қызмет түрлерін тегін ала алады.
Әлеуметтік қызмет, қайырымдылық жасау - көмекті алушыға да, көмек көрсетушіге де қуаныш сыйлайтын шара.
Ендеше өмір сүріп жатқан қоғамымызды бірге ізгілендірейік, ағайын!
Раушан БАЗАРБАЙ,
«Сана-Сезім Орталығы» ЖШС директоры.