МЕДИАЦИЯНЫҢ МАҢЫЗЫ ЖАЙЛЫ АЙТЫЛДЫ
Қызылорда облыстық сотының ұйымдастыруымен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында «Татуласу және бітімге келу рәсімдерін тиімді жүзеге асыру» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Оған облыстық сот төрағасы Қамбар Нұрышев, қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Бақытжан Қалымбет, облыс прокурорының орынбасары Жасұлан Еламанов, ОІІД анықтау басқармасы бастығының орынбасары Сағындық Қамытбеков, «Медиацияны дамыту орталығы» РҚБ Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің директоры Ләззат Бақтыбаева, облыс соттарының судьялары, кәсіпқой және кәсіпқой емес медиаторлар, БАҚ өкілдері қатысты.
Кездесуде қылмыстық, азаматтық, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша ҚР ҚК-нің 68 бабын және АПК-нің 277-бабына сәйкес бітімге келу рәсімдерін дамыту және тиімді жүзеге асыру тәжірибесі талқыланды.
Облыстық сот төрағасы Қамбар Нұрышев облыс көлемінде бітімгершілік рәсімдерін насихаттап, сот процесінде тараптарға дауды медиация тәсілімен шешу құқығын түсіндіруге бағытталған жұмыстардың қарқынды жүргізілгенін атап өтті.
Сондай-ақ шарада дауларды баламалы тәсілдермен шешуде құқықтық мәдениет деңгейін көтеру мақсатында облыстық сот пен «Медиацияны дамыту орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облысы бойынша филиалы өзара ынтымақтастық туралы иеморандумға қол қойды.
Дөңгелек үстелде облыс прокурорының аға көмекшісі Асқар Кемалов, ОІІД анықтау басқармасы бастығының орынбасары Сағындық Қамытбеков кәмелетке толмағандардың қылмыстық істерін жүргізу барысында онша ауыр емес, орташа ауырлықтағы қылмыстық істер бойынша сотқа дейін ҚР ҚК-нің 68 бабына сәйкес ҚР «Медиация туралы» Заңын қолдану барысы мен статистикалық деректерді айтып өтті.
Сотқа дейін және сотта ҚР «Медиация туралы» Заңының жүзеге асырылу кезінде туындап отырған кедергілер мен оларды шешу жолдарының түйткілді мәселелеріне «Медиацияны дамыту орталығының» Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің директоры Ләззат Бақтыбаева тоқталды.
– Бүгінгі күні қылмысты ашу және тергеу басқармалары тараптарға медиаторға жүгіну құқығы түсіндірілмеуі салдарынан жеңіл және аса ауыр емес санаттағы істер тек сот барысында ғана қысқартылуда, - деді ол.
Сонымен бірге, ол өз сөзінде медиаторлардың кәсіби және кәсіби емес деп бөлінуі халық арасында біршама теріс пікір қалыптастырып отырғанын, кәсіби емес деген сөздің өзі медиаторлардың біліктілігіне күмән тудыратынын жеткізді.
Ал облыстық соттың судьясы Молдабек Ахметов пен қалалық соттың төрағасы Мұхтар Еркінбеков кәсіпқой емес медиаторлардың құқықтық білімі мен рөлін жоғарылату мәселелерін кеңінен сөз етті.
«Дөңгелек үстел» қорытындысы бойынша медиаторлардың қолжетімділігі үшін тергеу орындарын кәсіби медиатормен қамтамасыз етуді, Қызылорда қалалық әкімдігінде тіркелген медиаторлардың арнайы ресми сайтын ашуды ұсынды.