КЕМЕЛ ОЙЛЫ СӨЗ СУРЕТКЕРІ
Ә. Тәжібаев атындағы әмбебап-ғылыми кітапхана ұйымдастыруымен Абылайхан атындағы колледжде сөз суреткері, мемлекет әрі қоғам қайраткері Ә.Кекілбаевтың «Үркер» романы бойынша оқырмандар конференциясы өтті.
«Үркер» романы Қазақстанның Россияға қосылуының 250 жылдығына орай жазылған. Шығарма халық тағдырының алды үмітсіздеу, белгісіз бір кезеңінде Әбілқайыр ханның орыс патшасына бодан болуға рұқсат сұрап, елші жіберіп, соның жауабын сарыла күткен күпті күйін суреттеуден басталған. XVII-XVIII ғасырларда орын алған ірі-ірі оқиғаларды тарихи деректерге сүйеніп жазылған, көп қанатты, тарих шежіресін жырлайтын тамаша туынды. Ол әдебиеттегі тарихи шығармалардың қатарында белді жерден орын алатын, көркемдік дәрежесі жоғары, айрықша орамды шығарма.
Кеш қонақтары Абылай хан атындағы колледжінің қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімдері Саракүл Өтемісова, Гауһар Мамутова, Жастар комитетінің төрағасы Жарылқасын Сүгірбай, кітапханашы Айымкүл Қоспанова «Үркер» романының ерекшеліктеріне тоқталып ой бөлісті. Шығарма толығымен талданып, мазмұны терең ашылып, салмақты пікірлер айтылды.
Оқырмандар конференциясынан ой түйген қатысушылар «Ұлттың бойтұмары» атты жазушының өмірімен шығармашылығына арналған кітап көрмесімен танысты.