«КӨЛЕҢКЕЛІ БИЗНЕС» КӨРІНІСТЕРІ АЗАЙДЫ
Мемлекеттік кірістер органдарының қаржы, экономика саласындағы құқықбұзушылықтармен күресінің нәтижесінде «көлеңкелі бизнес» көріністері азайып келеді. Жыл басынан бері мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық тергеу қызметінің өндірісінде 232 қылмыстық іс болды, олардың 140-ы аяқталып, 69 іс сотқа жолданды. Келтірілген залал сомасы 3,6 млрд.теңге, қалпына келтірілгені – 2,4 млрд.теңге. 415,2 млн.теңгенің қаржысы мен мен мүлкіне шектеу қойылған. Бұл туралы Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте мемлекеттік кірістер департаментінің жетекшісі С.Мұстафаев мәлімдеді.
Мұнай өнімдерінің заңсыз айналымына қатысты 5, қылмыстық жолмен табыс табудың 3 фактісі анықталып, бұл бағытта 2 іс сотқа жолданды. Заңсыз «онлайн-казино» ұйымдастыру бойынша өндірісте 47 іс болды, оның 37-сі аяқталып, 32 іс бойынша заң бұзушылар сотқа берілді. Алкоголь өнімдеріне қатысты 9 қылмыстық іс тіркеліп, 6 іс материалы сотқа жөнелтілді. 355 075 бөтелке алкогольдік өнімдер заңсыз айналымнан алынды.
Бюджет қаржысын қымқыру және мақсатсыз жұмсау саласында 67 іс өндіріске алынып, оның 51-і аяқталды. Келтірілген залалдың сомасы 687,5 млн.теңге, 93 пайызы қалпына келтірілді. Салық және кеден саласындағы құқықбұзушылықтарға қатысты өндірісте болған 38 істің 31-і аяқталды. 1,6 млрд.теңгенің залалы мемлекетке қайтарылды.
– Негізгі экономикалық қылмыстар құзыреттілікті асыра пайдалану, қылмыстық жолмен табыс табу, мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы, заңсыз ойын сияқты қоғамдық көріністерді қамтиды. Айта кету керек, барлық қылмыстық істердің жүргізілуі прокуратура органдарымен келісіледі, қылмыстық процестер барысында бірде-бір тұлғаның конституциялық құқығы бұзылған жоқ, – деді департамент басшысы.