ҮШТІЛДІЛІК – ЗАМАН ТАЛАБЫ
Бүгінде үштілділік – заман талабына айналып отыр. Елбасы үш тұғырлы тіл саясатын жыл сайынғы Жолдауында нақты атап көрсетіп келеді.
Үштілділікті өскелең ұрпаққа түсіндіру, латын әліпбиіне көшкендегі пайдасын түсіндіру мақсатында өткен аптада Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде Қазақстан Республикасы халықтарының тілдері күніне орай «Үштілділік жарқын болашақ па?..» атты дөңгелек үстел өтті.
Оған Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушысы Алдажар Әбілов, Анкара университеті коммуникация факультеті, журналистика мамандығының ІІІ курс студенті Марина Сағидатбек, №112 орта мектептің оқушылары, мұғалімдері және ата-аналары қатысты.
«Өз тілің – бірлік үшін, өзге тіл – тірлік үшін» дегендей, көп тіл білетін адамның көп нәрсеге қол жеткізетіні, басқаларға қарағанда қалаған жерінде жұмыс істеуіне де мүмкіндігі мол екені, қай елге барса кедергі көрмейтіні белгілі жайт. Қазіргі оқушылар жеті жұрттың тілін, жеті түрлі ілім білетін маман болуы тиіс. Басқосуда осы мәселе жөнінде сөз болып, оқушыларға үш тілді меңгеріп, қосымша ізденуге мүмкіндік туғызу қажеттігі айтылды.
Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА