ҚЫЗЫЛОРДАДАҒЫ ШЫНЫ ЗАУЫТЫ КЕЛЕСІ ЖЫЛЫ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ
ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Қызылорда облысындағы шыны зауыты келесі жылы жұмысын бастайтынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Министрге Астана қаласы мәслихатының депутаттарынан сұрақ келіп түскен. Сауал негізінде Қазақстанда құрылыс саласының қарқынды түрде жүргізіліп жатқанына қарамастан, өкінішке орай, шыны шығаратын зауыт жоқтығы айтылды.
«Сіз көрсеткен слайдта Алматы облысында шыны зауыты туралы көрсетілді. Бірақ, 5 жыл бұрын Қызылорда облысында шыны шығаратын зауыттың құрылысы басталған болатын. Біз оны күттік. ЭКСПО-ны отандық әйнектермен жасаймыз деп те үміттенгенбіз. Мен осы ретте Қызылордадағы әйнек шыны туралы сұрақ қойғым келеді. Зауыт құрылысы қай деңгейде және біз отандық әйнектерді құрылыста қашан қолдана бастаймыз? Себебі, қазіргі уақытта әйнекті біз импорттап отырмыз», — деді қалалық мәслихаттың өкілі.
Аталған сұрақ бойынша министр тиісті жұмыстар атқарылып жатқанынан хабардар етті.
«Алматы Стекло» тамақ өнеркәсібіне арналған кәсіпорын. Ал Сіз айтқан Қызылордадағы кәсіпорын бойынша өздеріңіз білетіндей мәселе болған. Осы жылдың басында бірқатар жұмыстар тоқтатылған. Бірақ, бүгінгі күні үрдіс қайта жандана бастады. Құрылыс компаниялары, демеушілер мен ақша бөлгелі отырған банктер жұмысын қайта бастап кетті. Келесі жылдың алғашқы жартыжылдығында зауыт жұмысын бастайды деп күтіп отырмыз», — деді Жеңіс Қасымбек.