«НЕ? ҚАЙДА? ҚАШАН?» АТТЫ КОМАНДАЛЫҚ САЙЫС ӨТТІ
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің тіл маманының ұйымдастыруымен Қазақстан халықтарының тілдерінің мерекесіне орай қазақтың ұлы жазушысы М. Әуезовтің туғанына 120 жылдығына арналған «Не? Қайда? Қашан?» атты командалық сайыс өткізді.
Сайысқа ҚАЖ департаментіне қарасты ЗК-169/1 мекемесі қызметкерлерінен құралған «Қыран», ЗК-169/4 мекемесі қызметкерлерінен құралған «Тіл жанашырлары», ЗК-169/5 мекемесі қызметкерлерінен құралған «Тіл сақшылары» және Қызылорда қалалық пробация қызметінің қызметкерлерінен құралған «Сөзмерген» командалары қатысты.
Ішкі істер органдары қызметкерлері арасында мемлекеттік тіл саясатын кеңінен насихаттау, қолданыс аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыруды көздеген сайыс 3 кезең бойынша өтті. Бірінші кезеңде қатысушы командаларға жазушы өмірі мен шығармашылығынан 5 сұрақтан қойылды. «Қара жәшік» аталатын кезеңде М.Әуезовтің романдары мен повестерінен үзінділер оқылып, оны команда мүшелері табуға тиіс болды. «Тіл сақшылары» командасы қара жәшіктегі М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» повесін жаңылмай тапты. Соңғы кезеңде команданың капитандары сынға түсті. Капитандарға үш сұрақтан койылды. ЗК-169/1, ЗК-169/4, ЗК-169/5 мекемелерінің команда капитандары Д.Ералиев, Ә.Рахманов үш сұраққа да мүдірмей жауап берді.
Әділқазылардың шешімімен 1 орынды ЗК-169/5 мекемесінің «Тіл сақшылары» командасы еншілесе, ІІ және ІІІ орынды «Қыран» және «Тіл жанашырлары» командалары бөлісті. Жүлделі командалар Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының грамотасымен марапатталды.
Дана ДОСТАНОВА,
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД маманы.