ФААТ КИТАЕВТЫ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН ТУРНИР ӨТТІ
Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадионда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы, татар этномәдени бірлестігі, дене шынықтыру және спорт басқармасы бірлесе отырып Фаат Китаевты еске алуға арналған турнир өткізді.
Айта кету керек, акватлон – ол судағы және жердегі спорттық күрес. Акватлон үйлесімділікті, ептілікті дамытатын спорт ойыны болып табылады. Спорттың бұл түрінен алғашқы рет өткізілген турнирге қызығушылық білдірген әртүрлі жастағы 200-ге жуық спорт жанкүйері қатысып, бақ сынасты.
Көп жылдар бойы Ғани Мұратбаев атындағы стадионның директоры болған Ф. Китаев Татарстандағы Тельман қаласында дүниеге келген. 1930-1937 жылдар аралығында отбасымен Қызылордаға қоныс аударған. Еңбек жолын 16 жасында мемлекеттік кемелер мекемесінде бастады. Кеңес армиясы сапында борышын өтегеннен соң Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педогогикалық институтының дене тәрбиесі кафедрасында 10 жылдай оқытушы болды. Мотоспорт және жеңіл атлетикамен жүйелі түрде шұғылданды. Сыр өңіріндегі велоспорттың негізін қалаушылардың бірі. Ф. Китаев дене тәрбиесі кафедрасында қызмет атқарып жүріп, жас өрендерді велоспортқа баулыған.
Турнирдің ашылу салтанатында «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Асылбек Жұмабаев, Фаат Хамитұлының жұбайы Роза Китаева мен татар этномәдени бірлестігінің жетекшісі Галия Гизатуллина сөз алып, кқп есінде қалған ждайсаң жан туралы естеліктер айтты.
Ф. Хамитұлы ҚР халықтарының бірінші спартакиадасына Елбасы Н. Назарбаевтан шақырту алған өңірдегі бірден-бір ардагер. Астанада өткен салтанатты іс-шарада Фаат Хамитұлына Елбасымыз алтын сағат тарту етті. Құрметті қонақ ретінде бірқатар ірі жарыстардың куәсі болды, соның ішінде 1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиадаға да барды. Оның есімі 2001 жылы Тәуелсіз Қазақстанның 10 жылдығы қарсаңында шыққан «Қарттарым-асыл қазынам» кітабына және 2005 жылы «Сыр елі» энциклопедиясына енді.
Ол Қазақстанда бірінші болып жасыл алаңды қыста сақтаудың жолын ойлап тапты. Бұл мәселе сол жылдары Қазақстан үшін ең өзекті мәселелердің бірі болатын.
Бір күнге созылған турнирдің нәтижесі бойынша жеңімпаздар 16 жинақтағы марапат, соның ішінде диплом, алқа белгісін иеленді.