ҚАЛА ӘКІМІ ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ ӨКІЛДЕРІН ҚҰТТЫҚТАДЫ
Қала күні мерекесіне орай орай бірқатар маңызды шаралар ұйымдастырылды, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.
Атап айтсақ, «Көңілді жолаушы» және «Қызылорда оқитын қала» шарасы аясында қала өнерпаздары қоғамдық көліктерде жолаушылармен бірге ән айтып, ақын-жазушыларының шығармаларынан үзінділер оқыды.
«Үш кемеңгер» ескерткішінің жанында «Кітап бульвары» атты кітаптар жәрмеңкесі және әдеби кеш өтті.
Мұнан бөлек, «Туған қалам - Қызылорда» атты суретшілер байқауы, «Сыр сандуғаштары» балалар вокалды тобының концерттік бағдарламасы, «Сүйікті қалам Қызылорда» атты фото-суретшілердің байқауы, «Театр fest» Қызылорда қаласындағы балалар қуыршақ театрлары мен Жастар театрының қойылымдары көпшіліктің көңілінен шықты.
Қала әкімі Н.Нәлібаев сұлу Сырдың жағасындағы көрікті орындардың бірінде «Дария жағасындағы сұлу қала» атты мерекелік шарада, қаламыздың өсіп-өркендеуіне еңбегі сіңген құрметті азаматтар, зиялы қауым өкілдерімен ашық аспан астында бейресми кездесу өткізді.
- «Күн санап гүлденіп келе жатқан әсем қаламыздың биылғы мерекесі жеті күн бойына жеті түрлі атаумен атап өтуде. Әр атаудың астарында тұрғындарымыздың қалаға деген сүйіспеншілігі, ыстық ықыласы, бір шаңырақ астында өмір сүрген түрлі ұлт өкілдерінің достығы мен ынтымағы жатыр.
Бүгін өздеріңізді ашық аспан астындағы кездесу – «Дария жағасындағы қала» мерекесін тамашалауға арнайы шақырдық.
Еңбек ардагерлерін, қаламыздың тыныс-тіршілігіне тікелей атсалысып отырған құрметті азаматтарды, экономиканың әр саласында, білім, мәдениет, құрылыс, әлеуметтік салаларда абыройлы еңбек еткен ел ағаларын ортақ мерекемен құттықтап, Сіздердің ел үшін еткен еңбектеріңізге, қаламыздың жан-жақты дамуына қосып жүрген зор үлестеріңізе шынайы алғысымды жеткізгім келеді, - деді қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы.
Кездесу барысында қаламыздың тарихынан мағыналы әңгімелер, бүгінгі жеткен жетістіктері айтылды.