МЕКТЕПТЕ ӘЛИ МҮСІЛІМҰЛЫНЫҢ БЮСТІ ҚОЙЫЛДЫ
Қала күніне орай өтіп жатқан шаралар аясында №101 орта мектепте білім саласына із қалдырған танымал ұстаз Әли Мүсілімұлының бюстін ашу салтанаты өтті.
Салтанатты шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Мұрат Бақтиярұлы мен Бекмырза Еламанов, білім саласының ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жиналғандарды қала күнімен құттықтаған шаһар басшысы Н. Нәлібаев еліне елеулі еңбек сіңірген азаматтарды елеп-ескеру кейінгілер үшін басты парыз екендігін атап өтті.
Әли Мүсілімұлы 1941 жылы Сырдария ауданының Асқар Тоқмағамбетов ауылында дүниеге келген. Ғұмырын білім саласына арнаған қайраткер тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, яғни қайта құру кезеңінде еліміздегі білім саласын экономикалық дағдарыстан шығару мақсатында маңызды реформалар мен тың жаңалықтар енгізді.
Талай жылғы табанды тірліктің лайықты бағасындай Әли Мүсілімұлы «Еңбек Қызыл ту» ордені, «СССР халық ағарту ісінің үздігі», «ҚазССР ағарту саласының үздігі» төсбелгілерімен, «Еңбектегі ерлігі үшін», «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісімен марапатталған.