ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ ПОЛИЦЕЙЛЕР ІРІ ЕСІРТКІ АЛҚАБЫН АНЫҚТАДЫ
Республика аумағында 2017 жылдың 1 маусым – 30 қазаны аралығында жүргізіліп жатқан «Көкнәр» жедел-профилактикалық шарасы барысында қызылордалық полицейлер заңсыз марихуана сақтаған күдіктілерді ұстады.
Осы жылдың 18 қыркүйегінде ОІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы мен Жалағаш аудандық ішкі істер бөлімі полиция қызметкерлері бірлесіп жүргізілген шара барысында Жалағаш ауданы, Жаңадария ауылдық округінен 80 шақырым қашықтықта жасыл түсті өзіне тән иісі бар шөптектес затты тасымалдап жүрген 47, 28, 30 және 41 жастағы азаматтарды ұстады. Анықталған затқа сараптама тағайындалып, нәтижесінде салмағы 44 келі болатын кептірілген марихуана екендігі нақтыланды.
Тиісті тергеу әрекеті барысында ұсталған азаматтар бұдан бөлек есірткі затын егіп-баптаумен айналысқандығы белгілі болды. Өздері көрсеткен есірткі аумағынан 1147 түп сора өсімдігі анықталды.
Қазіргі таңда, аталған 4 азамат Жалағаш АІІб-нің Уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынып, олардың үстінен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 300-бабы 2-бөлігі және 296-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Қызылорда облысы ІІД баспасөз қызметі