«ТІЛІ БІРДІҢ – ТІЛЕГІ БІР» АТТЫ ОБЛЫСТЫҚ ЖАСТАР ФОРУМЫ ӨТТІ
Форумға тіл жанашырлары, ғалымдар мен студенттер қатысты. Жиында тілдің тұғырын көтеріп, мәртебесін асқақтату жайы сөз болды. Шараның ашылуында сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айдын Қайруллаев жастарды жігерлендіріп, жеті тілді біліп, озық ойлайтын, білімді де білікті азамат болуға үндеді.
Қызылорда облысы тұрғындарының 96 пайызы қазақ ұлты болса, оның қалған 4 пайызын этникалық топтар құрайды. Олардың 11-і этно-мәдени бірлестіктерін құрған.
Біздің өңіріміздің ынтымағының артуына, әрбір ұлттың салт-дәстүрлерінің, тілі мен мәдениетінің дамуына, этносаралық, дінаралық қарым-қатынастардың жарасымдылығына облыстағы этно-мәдени бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдар және басқа да қоғамдық ұйымдардың өкілдері өзіндік үлестерін қосуда. Барлық ұлттар мен ұлыстардың ынтымақпен тіршілік етіп, ортақ Отанымыздың дәулетін асыруына туған тіліміздің қосар ықпалы айрықша. Өз елінің патриотымын деген әр ұлыстың өкілі Отанға деген сүйіспеншілігін мемлекеттік тілді құрметтеуден бастауы керек.
Сондай-ақ, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындаған қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесі – қазіргі таңда сананы сілкіндіріп, қоғамға қозғау салып отыр. Латын әліпбиіне көшу - жай әліпбиді ауыстыра салу емес, ол біз үшін өркениетті шешім. Бұл біздің ашық әлемнің бір бөлігі болуға талпынуымызды растайды. Осы орайда еліміздегі тіл саясатына қатысты біздің мақсатымыз – Елбасы алға қойған міндеттерді пәрменді түрде іске асыра отырып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын одан әрі кеңейте беру болмақ.
– Елдің күші онда тұрып жатқан халықтың бірлігінде. Ал халық бірлігі салауатты жастардың қолында. Біз салт-дәстүрімізді көздің қарашығындай бағып жүретін, көптің көкейіне үміт отын жағып жүретін, адамзаттың озық ой көгінде жанып жүретін жастарымызбен мақтанамыз. Сондай мақтануға лайық жастарымыз бүгін форумда бас қосып, өз пікірін ортаға салды, - деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айдын Қайруллаев..
Шарада белсенді жастар мен этно-мәдени орталықтар өкілдері түрлі Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен марапатталды.