ЖОБА ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ
Достық үйінің мәжіліс залында облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен «Тіл – татулық тірегі» атты дөңгелек үстел болып өтті. Оған этномәдени бірлестік жетекшілері, белсенділері, облыстық ҚХА-ның ғылыми-сарапшылық топ мүшелері, облыстық ішкі саясат басқармасы, филолог мамандар, жастар қанатының белсенділері және БАҚ өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстелді «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Рахима Ахметова жүргізді.
Жиынға жиналғандар көптілдік жағдайындағы мемлекеттік тілдің орны, қазақ тілін жаңғырту мәселесі, үш тілділік жағдайында қазақ тілін оқып-үйренуге басымдық беру, латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы, тіл мәдениеті және бүгінгі қоғам тақырыбындағы мәселелерді талқылады.
«Тілдерді оқытудың өңірлік орталығы» МҚК-ның директоры Н.Мұсаева, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-нің «Шетел тілдері және аударма» кафедрасының корей тілі оқытушысы Ким Да Мин, татар этномәдени бірлестігінің жетекшісі Г.Гизатуллина тілдерді дамыту – еліміздің мемлекеттік саясаттың ең маңызды бағыттарының бірі екендігін ортаға салды.
Айта кететіні, Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен этнос оқушыларына мемлекеттік тілді оқытып, қоғамның рухани негізі болып табылатын ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында 2015 жылдан бастап «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы ұйымдастырылып келеді. Жоба аясында орыс сыныптарына қазақ тілін оқытудың облыстық «Авторлық жоба» байқауы өткізіліп, байқауға қатысуға 15 өтінім келіп түскен болатын. Соның нәтижесінде бірінші орынды №10 Білім инновациялық лицей интернатының оқытушысы Г.Байназар, екінші орынды Арал ауданының №14 мектеп-лицейінің оқытушысы Ғалия Құрымбаева, ал үшінші орынды №7 мектеп-лицейінің оқытушысы Р.Асылбекқызы мен Сырдария ауданының №36 мектеп-лицейінің оқытушысы Ақмарал Серікбаева иеленіп, бағалы сыйлықтармен марапатталды.