МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР САЛАСЫНДА ӨЗГЕРІС КӨП
Кедендік амалдарды оңтайландырудағы мақсат – әлемдік саудада бәсекеге қабілеттілікті арттыру. Жыл басынан күшіне енген Евразиялық экономикалық одақтың жаңа Кеден кодексі еліміздің бүгінгі даму қарқынын, бизнес өкілдерінің тілектерін ескере отырып жасалған. Тауарларды декларациялауда электронды сандық қолтаңбаны пайдаланып кеден органдарына алдын ала ақпарат ұсыну тәсілдері шекарадан тауар асырушылардың уақытын үнемдеп, түрлі кедергілерді жояды. Тиімділіктің тағы бір жағы - электронды сандық қолтаңбаны бірнеше кеден амалдарына қолдануға болады, ал тауар туралы алдын ала ақпаратты өткізу пункттеріндегі басқа да бақылаушы органдар пайдалана алады, яғни тауардың өту уақыты барынша қысқарады. Бұл туралы Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы С.Мұстафаев баян етті.
Департаменттің қызмет аумағында биылғы жылдың 8 айында 366 декларация алдын ала декларациялау әдісімен ұсынылған. Өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда (2016ж. - 214) 152-ге немесе 1,7 есеге көбейгені байқалады.
Сонымен қатар, салықтық және кедендік тексерулердін нәтижесін жоғарылатуға ықпалын тигізетін өзгерістер қолданысқа енді. Аудиторлық ұйымдар тексеруге алуы үшін нысанның жылдық жиынтық табысы осыған дейінгі 60 000 айлық есептік көрсеткіштен 120 000 айлық есептік көрсеткішке өсті. Салықтық тексерудің актісін алдын ала ұсыну тәртібі енгізілді. Бұл тәртіп салық төлеушіге салықтық тексеру актісімен келіспеген жағдайда жазбаша қарсылық беруге мүмкіндік береді. Үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бұл артықшылықты мониторингтеуге жататын ірі салық төлеушілер қолдана алады.
– «100 нақты қадам - Ұлт жоспарының» 38 қадамына сәйкес, тауарға арналған декларацияны ұсыну кезінде адам факторын болдырмауға мүмкіндік беретін электронды декларациялаудың жаңа нысаны АСТАНА-1 ақпараттық жүйесі енгізілуде. Бұл ақпараттық жүйе Бүкіләлемдік сауда ұйымының нормаларына және халықаралық стандарттарға сәйкес жасалған. Барлық кедендік бизнес-амалдарды біріктіруге мүмкіндік беретін бұл жүйенің негізгі артықшылығы – «бір терезе» қағидасын ендіру жолымен қағазсыз электронды декларациялау, – деді департамент жетекшісі.