ҚЫЗЫЛОРДАДА 150-ДЕН АСТАМ КӘСІПКЕРДІҢ ҚҰҚЫҒЫ ҚОРҒАЛДЫ
Облыс прокуроры Халидулла Дауешов Қызылорда облысының аумақтық кәсіпкерлер палатасындағы «Прокурор кабинетінде» кәсіпкерлерді қабылдады. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Жеке қабылдауға барлығы он кәсіпкер қатысты. Олардың өтініштері негізінен балаларды тәрбиелеу мен оқыту бойынша мемлекеттік тапсырысты орналастыру үшін қаржының уақытылы бөлінуі, мемлекеттік сатып алулар, бөлінген субсидияларды қайтару мәселесіне және монополия субъектілері мен қылмыстық істер бойынша ішкі істер органдарының әрекеттерімен байланысты болды.
Қабылдау барысында Халидулла Дәуешов жекелеген кәсіпкерлерге жаңа «Прокуратура туралы» Заңның өтініштерді қарау тәртібін реттейтін талаптарын түсіндіріп өтті. Сонымен қатар, жекелеген өтініштер бойынша облыстық прокуратураның құрылымдық бөлімдеріне бизнес субъектілерінің өтініштерін мұқият қарауды тапсырды.
Жалпы 2017 жылдың өткен мерзімінде «Прокурор кабинетіне» 49 кәсіпкер келсе, прокурорлық қадағалау шаралары арқылы барлығы 150-ден астам кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары қорғалды.
Осындай кабинеттер кәсіпкерлер палатасының аудандық бөліністерінде де бар, ол жерде қабылдауды аудан прокурорларының жеке өздері жүргізеді.