ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА СУ АЙДЫНДАРЫНА ШАБАҚТАР ЖІБЕРІЛДІ
Қызылорда облысындағы «Қамыстыбас» балық тұқымбағы 14 млн 800 мың шабақты өңірдің су айдындарына жіберді. Жаз бойы күтіммен өсірілген балықтар Арал теңізі мен көлдер жүйесінің экоқорын молайтып келеді. Соңғы жылдары «Қамыстыбас» балық тұқымбағының қуаттылығы 5 есе артып, жылына дайындалатын шабақ саны 15 млн-ға жеткен. Бұл тек аймақ бойынша ғана емес, өзге өңірлердің де су айдындарын балықтандыруға жеткілікті, деп хабарлайды 24 kz телеарнасы.
Арал ауданындағы Қосжар мен Тастақ ауылдарындағы иірімді арналар балық қорын көбейтуге қолайлы орын. Сондықтан осы жердегі 224 гектарлық аумаққа теңіздегі тіршіліктің түлеуіне тірек болған 34 су тоғаны шоғырланған. Сол тоғандардан сүзілген балықтар саны мен салмағына дейін өлшеуден өткізіледі.
Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Исатай Әбдіразақовтың айтуынша шабақтандыру жұмыстарына мемлекеттік тапсырыс аясында бойынша республикалық бюджеттен 216 млн теңге қаржы бөлінген.
- Осыған дейін тек қана сазан балығы өсірілсе, қазіргі таңда мұнда тұқы, ақ амур және дөңмаңдай шабағы өсіріліп, суға жіберіледі. Осы 3 түрлі балықтың ішіндегі ең тиімді өсірілетіні тұқы балығы. Себебі тұқы балығы кіші Арал теңізінде де, көлдерде де өзінен уылдырық шашып, көбейе береді. Арал теңізінің тірілуі тіршіліктің түлеуіне түрткі болды. Бұған Қосжар, Тастақ ауылдарында жұмыссыз жанның болмауы дәлел, – дейді Қазақ балық шаруашылығы ҒЗИ Арал филиалының директоры Зауалхан Ермаханов.
Жүз шақты түтін қоныстанған Қосжар елді мекенінің 150-ге жуық тұрғыны қысы-жазы осы тұқымбақта тер төгеді, Шүпірлеген майда шабақты ерекше мәпелейтін мамандар жыл бойғы жұмысының нәтижесін қорытындылайтын сәт туды.
Бұрын Арал теңізінің тұзды суына тек камбала балығы шыдас беретін. Қазір суы көбейіп, тұщыланған теңізден су маржанының жиырма шақты түрі ауланады. Теңіздің ихтиофаунасы жақсаруына орай «Қамыстыбас» тұқымбағы енді бекіретұқымдас қаяз және пілмай балықтарын өсіруді қолға алмақ.