САЛЫҚ – БЮДЖЕТ САЯСАТЫ ЖАҢА ЖАҒДАЙҒА БЕЙІМДЕЛУДЕ
Өңірлік коммуникациялар қызметінде ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы С.Мұстафаевтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Онда департамент басшысы ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын міндеттер және олардың жүзеге асырылуы туралы баяндады.
Жолдауда Елбасы макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін салық-бюджет саясатын жаңа экономикалық жағдайға бейімдеуді тапсырды.
Негізгі басымдық - бизнесті «көлеңкеден» шығуға бейімдеу. Бұған қол жеткізу үшін қызмет көрсетулердің сапасын мейлінше жақсарту, кәсіпкерлерге бизнесті жүргізуге қолайлы және тиімді жағдайлар жасау талап етіледі.
- Осы жыл басынан бері департаментте мемлекеттік қызмет түрлерінің 88,6 пайызы электрондық нысанда көрсетіліп отыр. Салық есептіліктерінің 99,2 пайызы электронды түрде тапсырылған. Мемлекеттік кірістер органдары тарапынан көрсетілетін қызмет түрлерінің сапасын бақылау мақсатында «САНДЖ» тәуелсіз әлеуметтік зерттеу агенттігінің өткен жыл қорытындысына жасаған сауалнамасы нәтижесінде Қызылорда облысы тұтынушылар тарапынан сенімге ие болған алдыңғы бестіктің қатарында болды. Яғни, салық, кеден және ЭТҚ-нің қызмет көрсету деңгейі, респонденттердің бағалауымен, 10 баллдық орта есеппен 9,1 баллды көрсетті. Орташа республикалық көрсеткіш – 8,2 баллға тең, - дейді департамент басшысы.