ЖАЛҒАН ХАБАРЛАМА ТАРАТҚАННЫҢ ЖАЗАСЫ АУЫР
Өңірлік коммуникация орталығында Қызылорда облысы Ішкі істер департаменті Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Қ.Оразовтың қатысуымен «Террористік акті туралы жалған хабар таратушыларды жауапқа тарту мәселелері» тақырыбында брифинг өткізілді.
2015 жылдың 1 қаңтарынан Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені белгілі. Заңнамаға енгізілген өзгерістер негізінде бірнеше баптар қатаңдатылған. Кодекс тұжырымдарына сәйкес, қоғамға зиян келтіру қатерін туғызатын іс-әрекет, қылмыс болып саналатын экстремизм мен терроризм әрекеттері үшін жауапкершілік күшейтілді. Жаңадан қабылданған заңнама бойынша терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау бұрынғы 242-бабтан 273-бабқа өзгертіліп, қылмыстық жауапкершілік ретінде алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылатыны көрсетілген.
Осы қылмысты жасаған азаматтар немесе кәмелетке толмаған тұлғалардың ата-анасы ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес жауапкершілікке тартыла отырып, мемлекеттік органдарға келтірген материалдық залалын толық мөлшерде өтейді.
Бүгінгі күні қолда бар заманауи техникалық құралдармен терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама берген азаматтардың жүрген жерін және жеке басын анықтау ешбір қиындық туғызбайды.
Осы бағыттағы қылмыстардың алдын алу бойынша тұрақты түрде мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне, жоғары және орта оқу орындарының оқушылары арасында күдікті жарылғыш затқа ұқсас заттар табылған жағдайда алғашқы іс-қимыл әрекетіне сәйкес түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.