АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМІН САТУ ЖОЛҒА ҚОЙЫЛДЫ
Биыл Қазалы ауданында ауылшаруашылығы өнімдерін өткізу мәселесі жүйеленді. Бақша өнімдерін сыртқы экспортқа өткізу мақсатында аудан әкімі бастаған арнайы делегация өткен жылы Ресей Федерациясының Мәскеу қаласында және Ақтөбе қаласында іссапарда болып, Қазалы ауданы әкімдігі мен ресейлік «Kaz-Food» компаниясы және «Скайленд-94» жабық акционерлік қоғамымен, Ақтөбе облысының аудан әкімдерімен жергілікті өнімдерді өткізу жөнінде меморандумдарға қол қойылды.
Сонымен қатар, халықты жергілікті бау-бақша өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында аудан орталығы Әйтеке би кентінен бау-бақша өнімдері сатылатын бес орын белгіленіп, шатырлар орналастырылды. Енді кент тұрғындары өздері тұратын аймақтарда жергілікті бақша өнімдерін тиімді бағада сатып ала алады.
Жалпы, биыл Қазалы ауданы бойынша бақша дақылдары егісін өндірістік негізде өсіруді 620 гектарға ұлғайту жоспарланған. Бау-бақша өнімдерін егіп, өсіру жұмыстары уақытында 500 адам жұмыспен қамтылды.