ҚЫЗЫЛОРДАДА СЕЙДОЛЛА ОСПАНОВТЫ ЕСКЕ АЛУ ШАРАСЫ ӨТТІ
Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде мемлекет және қоғам қайраткері Сейдолла Оспановты еске алуға арналған конференция өтті.
Конференцияда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Сейдолла Оспанұлының туған өлкенің дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті. Сырдария ауданы Қараөзек аулында дүниеге келген Сейдолла Оспанов еңбек жолын қарапайым техник-механиктен бастаған. Кейін Қармақшы, Жаңақорған, Шиелі аудандарын басқарып, облыстық партия комитетінің бірінші, екінші хатшысы болған. Сондай-ақ, Жданов совхозында директор, Шымкент (Оңтүстік Қазақстан) облысы депутаттар кеңесінің аудандық атқару комитетінің төрағасы болған.
– Сейдолла Оспанов кез-келген қызметте жақсылыққа жетелейтін өзгерістер енгізіп, басқарып отырған ауданын көш басына шығарды. Ол Жаңақорған ауданындағы батпақты алқапты баққа айналдырды. Шиеліде жақаевшылар қозғалысының агромектептерін құрды, Оңтүстік Қазақстан облысында қой жүнінің сапасын бағалайтын зертхана ашты. Дінмұхамед Қонаев Оңтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары кезінде Оспановты «жаңашыл басшы» деп атады. Сейдағаның ұлттық дәстүрлеріміздің, қазіргі тілмен айтқанда рухани жаңғырудың сақталып, дамуы жолында сіңірген еңбегін ерекше атап өту керек, - деді аймақ басшысы Қ. Көшербаев.
Конференцияда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Байділда Жылқышиев, Оңтүстік Қазақстан облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, Жалағаш және Жаңақорған аудандарының құрметті азаматы Сәмит Далдабаев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері, Қызылорда облысының құрметті азаматы Ернияз Омаров Сейдолла Оспановпен бірлесе жұмыс істеген кезеңдер туралы айтып, естеліктерімен бөлісті.