ҚЫЗЫЛОРДАДА ҚЫРҒЫЗ АЗАМАТТАРЫН ТОНАҒАН ҚЫЛМЫСКЕРЛЕР ҚҰРЫҚТАЛДЫ
Қызылордалық полицейлер қырғыз азаматтарын тонаған жастағы Қармақшы ауданының 2 тұрғынын ұстады. Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Оқиға бүгін 3:50 шамасында «Шымкент-Самара» тас жолының бойында орын алған. Белгісіз бір азаматша ішкі істер бөліміне телефон соғып, қылмыс фактісі орын алғандығы жөнінде хабарлаған.
Хабарлама негізінде жедел түрде сол аумақта барлау жұмыстарын жүргізіп жүрген жол-патрульдік полиция ротасына тиісті нұсқау беріліп, нәтижесінде 1992 жылғы және 1989 жылғы 2 азамат ұсталды. Тергеу барысында ұсталған 2 азамат алдын ала сөз байласып, Қырғызстан Республикасы азаматының басқаруындағы «Mercedes» маркалы автокөлігін тоқтатып, автокөліктің ішінде болған 4 азаматтың 40000 теңгесін, 10 дана доңғалағын және ұялы телефондарымен қоса «Кама» үлгісіндегі велосипедін тартып алғандығы белгілі болды.
Аталған дерек Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 191-бабы 2-бөлігі 1,3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, тергеу амалдары жүргізілуде.