ЖУРНАЛИСТ ЖҰЛДЫЗ ЕМЕС
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының тілшісі Нартай Аралбайұлы журналистика мамандығында оқитын студенттермен кездесіп, шеберлік сыныбын өткізді. Осыған дейін бірнеше отандық телеарналарда қызмет етіп, көрермендердің көзайымына айналған журналист осы саладағы түйткілді түйіндерді тілге тиек етіп, болашақ мамандармен ой бөлісті. Сонымен бірге бүгінгі қазақ журналистикасының мәні мен маңызы, рөлі, қоғамда алатын орны туралы ойын нақты мысалдар келтіре отырып баяндады.
- Журналистикаға келетін адам алдымен өзіне маңызды мақсат қоя білу керек. Қазір көпшілігі журналист болуды жұлдыз болумен шатастырады. Ол дұрыс қағида емес. Бұл саланың қазанына әбден қайнамайынша нағыз журналист болу мүмкін емес. Сондықтан салаға сіңіп кетемін дегендерге алдымен мол ізденіс, зор еңбек керек,- деді ол.
Кездесу барысында Нартай Аралбайұлы студенттердің сауалдары мен ұсыныстарын тыңдап, олардың сауалдарына жауап берді.