ТІЛ МЕРЕКЕСІНЕ АРНАЛҒАН ОНЛАЙН АКЦИЯ
Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен Қазақстан халқы тілдерінің мерекесіне орай Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде онлайн акция болып өтті. Оған қала бойынша 15 мектептен 30-дан астам өзге этнос өкілдерінің оқушылары және олардың жетекшілері қатысты. Бұл туралы облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының баспасөз қызметі хабарлады.
Іс-шара барысында оқушылар Қорқыт ата атындағы ҚМУ-нің ағылшын, корей, араб, қытай тілдерін жетік меңгерген студенттермен кездесіп, сабақтың өту барысын көрді. Үш тілді жетік меңгерген жастар оқушыларға маңызды таңдауда жаңылмай, болашаққа жол ашатын мамандықты таңдауға кеңес берді. Сонымен бірге, оқушылар университеттің профессор оқытушыларымен пікір алмасты. Соның ішінде, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-нің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты С.Тайман, ф.ғ.к, қауымдастырылған профессоры Аман Абасилов, шетел тілдері және аударма кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к, доцент Марияш Жұмағұлова және шетел тілдері және аударма кафедрасының корей тілінен профессоры Пак Джон Кын жастарға латын әліпбиіне көшу мәселесінің маңыздылығын түсіндіріп, төл мерекемен құттықтады.
Онлайн-акцияның соңы концерттік бағдарламаға ұласты.