ТАЛҚЫЛАУЛАРҒА БЕЛСЕНЕ ҚАТЫСУҒА ШАҚЫРДЫ
Бүгінде еліміздегі ең өзекті тақырып болып отырған мемелекеттік тіліміздің латын әліпбиіне көшу мәселесі Қызылорда теміржолшыларының еңбек ұжымдары арасында қызу талқыланып, тың бастаманың тиімді тұстары кеңінен насихатталды.
Теміржолшылармен кездесуде филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ғабит Тұяқбаев, облыстық ішкі саясат басқармасына қарасты тілдерді оқыту орталығының қызметкері Баян Байділдаева латын әліпбиіне көшудің тиімділігі жайлы ой қозғады. Латын әліпбиі түркі тілдес елдермен ынтымақтастықты нығайтатыны жайлы өз пікірлерін білдіріп, жаңа бастаманың маңызы зор екеніне ерекше назар аударды.
«Нұр Отан» партиясы «Теміржол» филиалы төрағасының бірінші орынбасары Базар Таңбаева қазіргі таңда компьютер мен технологияның тілі латын қарпіне көшкендігін айта келе, тілдің жаңғыруы қоғамдық санаға тың серпін беріп, ұлтымыздың әлемдік бәсекеге құлшынысын арттыратына тоқталды.
Жиында теміржолшылар мәселеге қатысты пікірлерін білдіріп, оның іске асуына белсене ат салысатындарын жеткізді.