ҚАЗАЛЫДА ҚАРҚЫНДЫ ТІРЛІК БАР
Қазалы ауданында ауылшаруашылығы саласы бойынша баспасөз туры ұйымдастырылды. БАҚ өкілдері алдымен Ақтан батыр ауылы, Шеңгелді учаскесіндегі «Сыр маржаны» ЖШС-нің мал бордақылау кешенінің қазіргі жұмысымен танысты. Бастапқыда 500 басқа арналған мал бордақылау алаңының қуаты енді 3000 басқа жеткізілген. Мұнда ірі қара малдары үш ай бордақыланады. Алаңда жыл басынан бері 200-ден астам сиыр бордақыланып, оның 100-і сойылып, сатылды. Алаң жанынан ет консервілеу зауытын ашу жоспарланып, ет кластерін жасау үшін дайындық жұмыстары басталды. Ресей Федерациясы Астрахань қаласының әкімшілігімен 20 тонна ет өнімін экспортқа шығару жөнінде меморандум жасау бойынша келіссөздер жүргізілуде.
Мұнан соң БАҚ өкілдері «РЗА-Агро» ЖШС-нің егіс алқабында болды. Ауданнан өзге, облыс көлемінде күріш өндірісі саласында өзіндік орыны бар «Рза-Агро» ЖШС биылғы жылы 4895 гектар жерге ауылшаруашылығы дақылдарын екті. 2500 гектарға күріш егілді. Оның 1473-і «Лидер», 852-і «Янтарь», 60-ы ресейлік «Светлый», 50-і «Фаворит», 65-і отандық «КазЕР-6» сорттары. Осы жылы 150 гектар бидай егіліп, әр гектарынан 12,5 центнер өнім жиналды. Бұған қоса 310 гектар мақсары дақылы егіліп, гектарынан 4 центнер өнім алынды. Мал азығы дақылдары бойынша 790 гектар ескі жоңышқа төрт рет орылып, 1500 тонна жоңышқа дайындалды. Келесі жылдың егісіне 5 тонна жоңышқа шөбі даяр. Сонымен бірге 625 гектар жоңышқаның екінші орамына дайындық жүріп жатыр. Бұған қоса 500 гектар сүрлемдік жүгері жиналу үстінде.
Күріш жинауға 3 «Джон-дир» жаткасы, 4 «Джон-дир» астық жинағыш комбайны, 7 «Енисей», «ЖРК-5» жаткасы, 5 «Енисей» астық жинағыш комбайны, 20 «Т-150» тасымал тркаторы тіркемесімен, 5 «Камаз» автомашинасы қатыстырылуда. Келесі жылдың егістігіне межеленген 4705 гектар сүдігердің осы кезге дейін 400 гектары көтерілген. Серіктестікте 247 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал маусымдық, көктем, күз айларындағы жұмыстарға 80 адам тартылыпты. Серіктестік тұқым өсіру шаруашылығымен де айналысатындықтан келер жылдың күріш егісіне 600 тонна I-репродукциялы «Янтарь» тұқымы, 750 тонна II-репродукциялы «Лидер» тұқымы құйылған.