«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ 100 ЖАҢА ЕСІМ»: МАҚСАТ ЖҰМАДІЛОВ
Кейде барды бағалап, еңбегі ерен тұлғаларды елеп-екшеп, жұрт санасына сіңіруде кемшін кетіп жататынымыз бар. Осындайда Әбіш Кекілбайдың: «Бағалай білмегенге – бақ тұрмайды, қуана білмегенге – құт қонбайды» деген ұлағаты ойға оралады.
Осы тұста, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, елдің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы», деп ел-жердің дамуында еңбегі сіңген тұлғаларды насихаттауды тапсырды.
Президент пәрменінен кейін жобаны жүзеге асыру қолға алынды. Жобаны іріктеу талабына сай жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар тізімге ілікті. Сондай талапты азаматтың бірі – Мақсат Жұмаділов.
Ол ауылшаруашылығы саласында табысты еңбек етіп, ауыл-аймақ, көрші-қолаң мен ағайын-туысқа сөз жәрдем, қол көмек көрсетіп жүрген азамат.
Келінтөбе ауылдық округінде 100-ге тарта шаруа қожалық болса, соның ең ірісі «Ислам» шаруа қожалығы. 790 гектар жерге иелік ететін шаруашылықтың ісі ширақ, еңбегі өнімді.
– Шаруашылық жұмысын 2002 жылы бастадым. Алғашында қожалыққа тиісті 17 га жерде жұмыс жүргізудің қиындықтары болды. Алайда, сөзге беріктік пен еңбекке ептіліктің арқасында ағайын-туыс пен дос-жараңдар сеніп, жұмыстың берекесі артты. Бүгінде Келінтөбе ауылдық округіндегі ең ірі ауылшарушылық құрылымына айналдық, – дейді Мақсат Исламұлы.
Отбасылық бизнесті дамытып отырған Мақсатқа бауыры Мұрат пен ұлы Мұхтар қолқабыс етіп отыр екен.
– Шынымды айтсам, жұмыстың берекелі әрі табысты болуы бауырымның қолдауы мен ұлымның демеуінің арқасында. Осындайда Қабылиса жыраудың: – Бақыт қайда барасың? – Көршімен болған бірлігі, Тағат, ғибадат тірлігі Ұйымшыл елге барамын, дегені есіме түседі. Мен шаруашылықтың сыртқы жұмыстарымен айналысам, ал, жұмысты жүргізіп отырған інім, – деп табысты болудың сырымен бөлісті төраға.
Біздің кейіпкер егін шаруашылығымен қатар малды баптап, балықты көбейтіп жүр. Яғни, сан-саладан несібе теруді ойлап, тірлік етуде.
Күзге салым 20-30 тайды бордақылап, етін өткіземін. Енді балық шаруашылғына ден қойсам деймін. Себебі, балық шаруашылығы көл-көсір табыс алып келеді. Оның үстіне, Түркістанның үлкен нарығында балыққа деген сұраныс жоғары. Қазір сазан, дөңмандай, тұқы және т.б. балық түрлерін көбейтудемін, – деді ол.
Көзі ашық, көкірегі ояу азамат елдегі бетбұрыстар мен бағдармаларды тереңінен таниды һәм нәтижесін саралай біледі.
– Ұлттың бәсекеге қабілеттілігін шыңдап, өмір сүру дағдысын өзгертетін идеологиялық құжатта көрсетілген әрбір бағыт-бағдарды орындау маңызды. Өйткені, рухани жаңғыру – ұлттық-мемлекеттік бірегейліктің, бүтіндіктің ұстыны. Бұл бір күндік есеп, жүз күндік мүдде емес, мәңгілік мұратты көздеген бағдарлама. Бір сөзбен айтқанда, елдік мүдде платформасы, – дейді ағынан жарыла…