ҚАЗАЛЫДА АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ КООПЕРАТИВТЕРІ КӨБЕЙДІ
Қазалы ауданында биыл аудан әкімінің қолдауымен ауылдық округтерде аталған ата кәсіп – бау-бақша егу жұмыстарын жандандыру ісі қызу қолға алынды.
Жыл көлемінде өнімді егуден бастап тұтынушыға жеткізуге дейінгі аралықтағы барлық жұмыстар үйлестірілді.
Аудан бойынша 324 мүше бірігіп құрылған 36 ауылшаруашылығы кооперативтеріне жерді қоршау, жерді өңдеу, аяқ су жеткізу жұмыстарына қолдау көрсетілді. Олардың 25-і мал шаруашылығымен, 9-ы егін шаруашылығымен, 1-і мал шаруашылығы өнімдерін, 1-і көкөніс өнімдерін өңдеумен айналысады. Ауданда өндірілген өнімдерді тиісті орындарға жіберумен айналысатын «Бақша» кооперативі жұмыс істейді.
Бақшалық жерлерді қоршау жұмыстарына қажетті материалдар сатып алуға бюджеттен 18,0 млн теңге бөлінді. Машина-трактор паркі 18 дана техникамен толықты. 60,0 млн теңгеге 6 МТЗ трактор, 6 тіркеме, 3 соқа және 3 дән сепкіш техникалары сатып алынып, Алға, Аранды, Майдакөл, Бозкөл, Сарыкөл, Өркендеу ауылдық округтерінің шаруаларына жаңа техникалар кілттері табысталды.