ҰЛТ ЖОСПАРЫНЫҢ ҚАРЫШТЫ ҚАДАМДАРЫ
Биылдан бастап ішкі істер органдарына үміткерлер конкурс пен тағылымдама негізінде жұмысқа қабылдануда. Полиция қызметкерінің іскерлік қабілетін анықтау, оларды іріктеу, кандидаттарды тестілеуден өткізу Ұлт жоспарының 28-қадамында нақты айтылған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Қалижан Қобландин мәлімдеді.
Аймақта шілде айында құқық қорғау болуға үміттілердің іріктеуі өтті. Полицей болғысы келетін 38 кандидат іріктеуде өз бақтарын сынады. Нәтижесінде 13 азамат тестен сүрінсе, 3 әскери дәрігерлік комиссия шешімімен жарамсыз деп танылды. Денешынықтырудан 3 адам емтихан тапсыра алмаса, 9 азамат өз қалауымен бас тартқан. Ал әңгімелесуге 9 үміткер қатысып, қызметке тұруға резервке алынды.
–Сонымен қатар, қызметкерлерді іріктеуде полиграфологиялық зерделеуден өткізу технологиясы қолдануда. Бұл құрал адамның айтып отырған ақпаратының растығын тексереді. Болмаса жасырып отырған фактiлердi анықтай алады. Полиграфпен жүргiзілген сауалнама үмiткердiң заңға қайшы iстерге қатыстылығын, қылмысқа байланысы бар-жоғын, сыбайлас жемқорлыққа бейiмділігін және тағы басқаларын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл талап үміткерлерге де, тергеулер кезінде де пайдаланылуда, - деді департамент бастығының орынбасары.
Айта кету керек, өткен жылы жергілікті атқарушы орган жанынан жергілікті полиция қызметі құрылды. Облыс бойынша 1006 жергілікті полиция қызметкері бар. Саланың жұмысын жетілдіру үшін бюджеттен 1 млрд. 770 млн. тенге қаражат бөлініп, материалдық-техникалық база жаңартылды. Сонымен қатар, жыл соңына дейін 14 жылжымалы стационарлық полиция пунктін орналастыруға қаражат қаралса, қазір оның 4 іске қосылды. Бұл жайында жергілікті полиция басшысының орынбасары Қуаныш Шүкіров баяндады.
Сондай-ақ, Ұлт жоспарының 32-қадамында айтылғанындай, Қызылордада «Қылмыстық құқық бұзушылықтар картасы» интернет-порталы іске қосылды. Карта арқылы полиция жұмысын қарапайым халық та, жергілікті атқару органдары да қадағалайды. Сонымен бірге, инспекторлар және жедел уәкілдер қылмыстарды әшкерлеуде Карта мәліметтерін жиі қолданады.