БАЛАЛАР ТАСЫМАЛЫНДА АВТОКӨЛІКТЕРГЕ ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР
Ағымдағы жылдың 20 қыркүйегінде «Шұғыла» балабақшасында Қызылорда облысы Ішкі істер департаментінің ұйымдастыруымен кездесу жиыны өткізілді. Жиын барысында балалар тасымалымен айналысатын автокөліктердің қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу, бала травматизмін болдырмау мәселесі көтерілді. Сонымен қатар, балалар тасымалымен айналысатын автобустар қандай талаптарға сай болуы керектігі үлгі ретінде көрсетілді. Қазіргі таңда сары түске боялған, барлық стандарт талаптарына сай келетін 11 шағын автокөліктер қала көшелеріне шығып, өз қызметтерін жүзеге асыруда.
Балалар тасымалымен айналысатын автокөліктер қандай талаптарға сай болуы қажет?
Атап айтқанда, 12 жасқа дейінгі балаларды тасымалдауды жүзеге асыру кезінде балабақшалар мен шағын орталықтардың жеке автокөліктері ҚР Үкіметінің 13.11.2014 жылғы №1196 санды қаулысымен бекітілген «Жол жүрісі қағидалары» нормативтік құжатына сәйкес арнайы ұстау құрылғысы немесе баланы қауіпсіздік белдігінің көмегімен отырғызып қоюға мүмкіндік беретін құрылғылармен жабдықталуы тиіс. Сонымен қатар, екі есігі бар, техникалық жай-күйі көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган бекіткен талаптарға жауап беруі қажет. Балалар топтарын жасы 25-тегі, тиісті санаттағы жүргізуші куәлігі және кемінде бес жыл еңбек өтілі бар жүргізушілердің тасымалдауына рұқсат етіледі.
Ұйымдастырылған балалар топтарын тасымалдауға арналған автобустардың алдына және артына «Балалар тасымалы» деген таным белгісі орнатылып, аталған автобустар сары түсті жарқылдауық маякпен жабдықталуы керек.
Тасымалданатын балалардың саны орындық санынан аспауы тиіс.
Ал, «Балаларды тасымалдауға арналған автобустар», Техникалық талаптар және сынау әдістері (ГОСТ 33552-2015) мемлекетаралық стандарты нормативтік құжатының талаптарына сәйкес, ұйымдастырылған балалар топтарын тасымалдауға арналған автобустар сары түсті болуы және онда 8 литрлік екі өрт сөндіргіш құралы /огнетушитель/, екі дәрі-дәрмек қобдишасы болуы тиіс.
Қала сыртындағы жолдарда балаларды тасымалдайтын екі және одан да көп автобустар легімен жүретін жағдайда, олармен арнайы жол-патрульдік полициясының арнайы автомобильдері қоса жүруі тиіс.
Қызылорда облысы ІІД баспасөз қызметі