ҚЫЗЫЛОРДАДА САНДЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ҚОЛДАНУДЫҢ МҮМКІНДІКТЕРІ НАҚТЫЛАНДЫ
Басқосуда алғысөз алған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Елбасы Н. Назарбаевтың «дамыған 30 мемлекеттің қатарына ену Қазақстаннан жаңа инновациялық дамуды және жедел технологиялық жаңғыруды талап етеді» деген мәлімдемесін тілге тиек етті.
«Осыған орай біз сандық технологиялар мен жүйелерге, олардың мүмкіндіктеріне жүгінуге тиіспіз. Себебі, олар қалаларды «ақылды» етіп, ауылдарды онлайн-байланысқа шығарады. Бұған қоса, халықтың сандық сауаттылығын арттырып, Қазақстанды цифрландыру жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның маңызын барынша түсіндіру қажет»,-деді облыс әкімі.
Саланың мүмкіндіктері мен алдағы міндеттер туралы облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким кеңінен баяндады. Қызылордада озық технологиялардың артықшылықтары жоғары бағаланады. Облыс әкімдігінің ситуациялық орталығында аймақ дамуының көрсеткіштерін сараптап, жетістіктерді болжайтын бағдарламалық-математикалық модель енгізу жұмысы жүруде. Соның ішінде, ауыл шаруашылығы саласы бойынша күріштің шығымдылығын болжап, су тасқыны жағдайында рельефтік үлгілеу жасауға мүмкіндік бар. Шешім қабылдаудағы жасанды зиятты пайдалануға қысқамерзімді болжам жасайтын Machinе-Learning технологясымен модельдеу жүйесі қолданылатын болады. Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылы Амстердамда /Нидерланды/ өткен аудиовизуалды инновациялар көрмесінде Қызылорда облысының ситуациялық орталығы халықаралық InAVation Awards аудиовизуалды байқауында «Үздік басқару орталығы» аталымы бойынша бас жүлдені жеңіп алды. Аталмыш жоба Қазақстан мен Ресейдің басқару құрылымдарының асқан қызығушылығын иеленді. Айта кету керек, Қызылордадағы Ситуациялық орталық еліміздегі алғашқы жоба саналады.
Басқосуда «Microsoft» компаниясының мемлекеттік сектормен жұмыс жөніндегі өкілі Дархан Қашқынбаев мемлекеттік органдардың жұмысына сандық технологияларды пайдалану жөніндегі ұсыныстарын жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, Қызылорда облысы сәуір айында алғаш аймақ болып «Microsoft» компаниясымен әріптестік туралы келісім жасады. Ағымдағы жылдың шілде айында онлайн оқыту арқылы заманауи инженерлік-компьютерлік технологияларды қолданатын жоғары білікті мамандар дайындау ісі басталды. Бұдан бөлек, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің базасында ғылыми-зерттеу және тәжірибелік жұмыстарды бірлесіп жүргізетін «Microsoft академиясы» кеңсесін ашу ісі басталды.
Отырысты қорытындылаған облыс әкімі аймақта инновациялық технологиялар мен интернет-қосымшаларды енгізу жөнінде бірқатар тапсырма берді.