ҚАЛА КҮНІНЕ ОРАЙ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ШАРАСЫ ӨТТІ
Қызылордада қала күніне орай «Жүрек жылуы» қайырымдылық акциясы өтті. Шара барысында тұрмысы төмен 800 отбасыға көмек көрсетілді.
30 шағын автобус әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы 800 отбасыға азық-түлік себеттерін жеткізді. Қызылордалық кәсіпкерлер жинаған азық-түліктің жалпы құны 8 млн теңгеден асады. Шараның ұйымдастырушысы Қызылорда қаласының әкімдігі.
Сонымен қатар, «Ақмешіт – Сырдария» орталық мешітінің аумағында акцияға қатысушыларға қаржылай көмек көрсетуге ниет білдіргендер үшін арнайы жәшік қойылды.
–Елбасы атап айтқандай, қайырымдылық шараларын өткізу және мұқтаж адамдарға көмек көрсету - халқымыздың ежелден қалыптасқан дәстүрі, ал мемлекет пен бизнес тек экономикалық тұрғыда ғана емес, әлеуметтік мәселелерді шешуде де әріптес болуы керек,- деді «Жүрек жылуы» акциясына қатысқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.
Айта кету керек, аймақта мұқтаж жандарға көмек көрсетуді көздейтін игі шаралар өткізу дәстүрге айналған. 2012 жылдан бастап «Сыр мейірімі» қайырымдылық қоры 225 отбасын ыстық тамақпен қамтамасыз етіп келеді. Сондай-ақ, 700 отбасыға тегін киім, 500 отбасыға әлеуметтік дүкендерден азық-түлік таратылса, «Мектепке жол» акциясына 3,5 мың бүлдіршін қамтылды.