ҚҰНДЫЛЫҚТАР ҚАМҚОРЛЫҚҚА АЛЫНДЫ
«Туған өлке мәдениеті, өнегелік құндылықтар» бағыты бойынша бүгінде 34 ескерткіштің қорғау аймағы белгіленген. Жыл соңына дейін 3 ескерткіш мемлекеттің қамқорлығына алынады. Олар Қызылорда қаласындағы желілік полиция бөлімі мен Теміржолшылар клубы ғимараты және Сырдария ауданындағы Асанас қалашығы. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникация қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Бақыткүл Бекмамбет мәлімдеді.
Оның айтуынша, Ал, Шірік Рабат, Жанкент, Сығанақ қалашықтардан табылған экспонаттар және Мәскеу қаласындағы РҒА Михлуко-Маклай атындағы «Антропология және этнография» институты қорында сақталған керамикалық ыдыстардың көшірмелерінің негізінде барлығы – 665 дана экспонат музей қорына қабылданған. Бұл «Рухани қазына» кіші бағдарламасының «Тарихи мұра» жобасы аясында іске асқан. Сонымен қатар, музей қорындағы құнды жәдігерлер мен тарихи-мәдени жазбалардың тарихын халыққа таныстыру, насихаттау мақсатында "Бір жәдігер" жобасы «Қазақстан – Қызылорда» телеарнасының эфирінен көрсетіліп келеді.
Оқырмандарды кітап оқуға тартуда да толымды тірліктер бар.
- «Бағдарламаның «Асыл ұрпақ» жобасы бойынша «Оқитын өлке» акциясы мен «Буккроссинг. Оқы және өзгеге ұсын» жобаларын жүзеге асырудамыз. Оқырмандарды кітап оқуға насихаттаудамыз, - деді Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Нұржамал Мырзамұратова.
Баспасөз конференциясында облыстық филармонияда жүзеге асып жатқан жобалар жайлы айтылды. Мәселен, Жыр керуені» жобасы аясында дәстүрлі орындаушылар осы жылдың қазан айында Ташкент қаласында гастрольдік концерттер өткізбек. Сонымен қатар, өнердің түрлі жанралары бойынша 11 облыстық, 1 аймақтық байқау-конкурс ұйымдастырылған. Бұл туралы облыстық филармонияның директоры Талғат Мақашов айтты.
Ал, облыстық халық шығармашылығын дамыту орталығы және мәдени-продюсерлік орталығының директоры Сәбит Амангелдиев «Қорқыт. Қобыз» музыкалық жобасы дайындалғанын жеткізді. Бұл жоба Қорқыттың мұраларын насихаттау, талантты балалар мен жастардың қобыз аспапбымен күй үйреніп қана қоймай қобыздың сүйемелдеуімен терме-толғаулар айтуды үйрету мақсатында әзірленген. Алдағы уақытта, мәдениет үйлері мен клубтарда «Қорқыт. Қобыз» ұлттық бірлестіктер мен үйірмелер құрылатын болады.