ДОСЫҢА КІТАП СЫЙЛА!
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының мақсаты мен мүддесін қалың бұқараға жеткізуге ерекше мән беріліп отыр.
Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана қызметкерлері де рухани жаңғыруға өзіндік үндерін қосып, бүгін «Досыңа кітап сыйла» акциясын өткізді. Акцияның мақсаты – ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып, оны ұрпақтан – ұрпаққа жеткізу. Кітаптың кереметін жастарға ұғындыру. Акцияға Қызылорда қаласының зиялы қауым өкілдері, белсенді оқырмандар, студент жастар қатысты.
Акция аясында тартымды көрмелер ұсынды. Кітапхана алдындағы алаңда ұйымдастырылған ашық кітап көрмесінде келушілер әдеби-көркем, танымдық және көпшілік журналдарды қарап, аудио дискілермен танысты. Мұнда «Әлем адымын айқындайтын идеялар» (Нобель сыйлығы лауреаттары туралы және осы сыйлыққа ие болған жазушылардың шығармалары туралы ақпараттар) атты кітап көрмесі қойылды.
Елбасының жаңашыл жағымды ұсыныстарының бірі – қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру. Латын әліпбиіне көшу қазіргі заманауи технологияның, ХХІ ғасыр ғылымы мен білімнің талабы екендігі айтылып, қатысушылар «Латын әліпбиіндегі кітаптар керуенін» және «Заманауи әдебиеттер шеруін» тамашалады.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Қ.Жәленова, ақын –ұстаз Р.Наурызбаева, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры Қ.Құдайбергенов, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушысы, ф.ғ.к. А.Айтбаева, Ұ.Жаңбыршиева, кітапхананың жастар арасында «Үздік оқырман» байқауының жеңімпазы Айжан Байтенова, белсенді оқырмандар М.Маратова, Ж.Сүгірбай өздерінің алғашқы оқыған кітабы жайында әңгімелей отырып, сол туындыларды достарына сыйға тартты.
Акцияға қатысушылар ақын-жазушылар еңбектерінен үзінділер оқып, викториналық ойындарға қатысып, сыйлықтарға ие болды.