ТҮРКІ ЕЛДЕРІНІҢ ӨНЕР ФЕСТИВАЛІ ӨТЕДІ
Қыркүйектің 27-29 күндері «Қорқыт және Ұлы дала сазы» фольклорлық музыкалық өнер фестивалі өтеді. Дәстүрлі шара халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымымен бірлесіп ұйымдастырылуда. Оған 10 елден өнерпаздар мен ғалымдар қатысады. Ал, қазан айында халық батыры Текей Қарпықұлының 350 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысы мен батырлық дастан орындаушылардың байқауы өтеді. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Жанат Құрамысова мәлімдеді.
Бұл шаралар Елбасының Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жүзеге асуда. Сонымен қатар, аталмыш бағдарлама негізінде мәдениет саласы бірқатар жобаларды да қолға алды. Жобалардың мақсаты - еліміздің рухани мәдениетін зерделеуге, тарихымызды түлетуге, ұлттық құндылықтарымызды сақтауға бағытталған.
– Атап айтсақ, «Рухани қазына» атты кіші бағдарламаның «Қасиетті Қазақстан» жобасы аясында Қазақстанның 100 киелі жері іріктеліп алынды. Оған біздің өңірден 10 нысан енгізілді. Олар Сығанақ, Жанкент, Шірік Рабат, Жент қалашықтары, Қорқыт ата ескерткіш кешені, Оқшы ата, Төлегетай-Қылышты ата, Қорасан ата кесенелері, Бегім ана мұнарасы және Қызылорда қаласындағы жебеуші Христос шіркеуі. Сонымен қатар, киелі орындар да сарапталуда. Біздің облыстан 40-тан астам жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер ұсынылды, - деді облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Сапар Көзейбаев.