ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ТЫНЫСЫН АШАДЫ
Әліпби реформасы – замана талабы. Жалпыұлттық Үшінші Жаңғыруға аяқ басқан еліміз мемлекеттік тілін де тұғырына қондырып, конституциялық мәртебесіне сай толыққанды жұмыс істетуіне жол ашпақ.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы – стратегиялық маңызға ие, жасампаз халқымыздың жарқын болашағын айқындайтын ойтолғам. Кемел келешекке бағдар болған ауқымды құжатта ұлттық идеологияның, рухани жаңғырудың маңызды тетіктері қарастырылған. Мемлекетіміздің одан әрі дамып, көркейіп, гүлденуі үшін қолға алынған бастамалардың бірі – латын әліпбиіне көшу.
«Латынға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты. 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет. Алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілуге тиіс. Әрине, жаңа әліпбиге бейімделу кезеңінде белгілі бір уақыт кириллица алфавиті де қолданыла тұрады» – деп нақты міндеттерді айқындап берді.
Латын әліпбиіне көшудегі мақсатымыз ана тіліміздің болашағын ойлап, оның қолданыс аясын одан әрі кеңейте түсуге, мәртебесін көтеруге мүмкіндік жасау деп түсіну керек. Олай болса, еліміздің болашағы үшін Латын әліпбиіне көшу – ұлттық нар тәуекел. Бүкіл тағдырымызды, табиғатымызды, бітім-болмысымызды өзгерту, яғни сананы жаңғырту.
Әліпбиді енгізу сырт көзге оңай болғанымен оны санаға сіңіру, көңілге қондыру сияқты басқа да көптеген жұмыстар бар. Ұлттық санамызды жаңғырту, өзіміздің табиғатымызды өзгерту жаңа әліпбиімізді жаңғыртатын дүние деп есептейтін болсақ шын мәнінде бұл іске қоғам болып жұмылуымыз керек.
Нұржан АРАЛБАЕВ,
Қазалы ауданының мәдениет және тілдерді
дамыту бөлімінің бас маманы