ҚАЗАЛЫДА МЕРЕЙТОЙЛАР АТАЛЫП ӨТІЛЕДІ
Қазалы ауданында биылғы жылдың еншісінде айтулы оқиғалар мен ауқымды істер күтіп тұр. Атап айтқанда, Қазалы қаласы атауына 150 жыл, би әрі батыр Басықара бабаның туғанына 260 жыл, Шығыс жастарының жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаевтың туғанына 115 жыл, Кеңес Одағының батырлары Геннадий Шляпиннің туғанына 105, Үрмәш Түктібаевтың туғанына 100 жыл толады. Сондай-ақ, осы жылы Халық әртісі Роза Бағланованың 95, мемлекет және қоғам қайраткері Әбубәкір Тыныбаев пен жазушы-публицист Қалжан Нұрмахановтың 90, «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері, ержүрек теңізші Талант Бөріқұлақовтың 70 жылдықтары аталып өтілмек.
Мерейтойлар қарсаңында Басықара ауылын көркейтіп-көріктендіру жұмыстарына аудандық бюджеттен 121,8 млн теңге қаржы қаралды. Соған сәйкес ауылдың бас қақпасы жаңаланады. Ауылға кіреберістегі 618 метр жерге жарықшамдар орнатылады.
«Басықара баба» атындағы аллея ашылып, бабамыздың бюсті қойылады. Орталық және жастар алаңы, балалардың ойын алаңы жасалады. Екі көше (Қадірбай Есенов, Үрмәш Түктібаев) асфальттанады.
Сонымен бірге, Басықара баба атындағы облыстық шежірешілер байқауы мен аудандық ақындар мүшәйрасын өткізуге бюджеттен қаржы қаралып отыр.