БАТЫР АНАҒА ҚҰРМЕТ

Бақытын Сыр салысынан тапқан сондай даңқты диқандардың бірі – Шырынкүл Қазанбаева. Ол, қазақ халқының басына қара бұлттай үйірілген нәубет жылдары жұртпен бірге жұтты да басынан өткізді. Ұлы Отан соғысы кезінде жігітке тән жігер көрсетіп, тракторды тізгіндеп, ауылдың тұңғыш механизатор қызы атанды. Дән атасы Ыбырай Жақаевтан күріш егудің қыр-сырын үйреніп, атыз аралап, қырманды қызылға толтырды.
Жуырда Шиелі аудандық мәслихатының хатшысы Әшім Оразбекұлы бастаған топ Шырынкүл Қазанбаева апамыздың шаңырағына болды. Оның өзіндік себебі де бар. Өйткені, Социалистік Еңбек ері 97 жасқа толып жатыр еді. Өзінің өнегелік ізін жалғап жүрген Патыма Махамбет, Айнагүл Үмбетова, Құттықыз Ыханова, Гүлмира Бектегенова қыздарымен емен-жарқын әңгіме айтып, егін алқабында өткізген жылдарын бір сәт есіне алып мәз-мейрам болды. Өз кезегінде Батыр ананы меншікті мерекесімен құттықтай келген азаматтар Еңбек еріне гүл шоқтарымен қоса, бағалы сыйлықтарын табыс етті.