АҚПАРАТТЫҚ-КОНСУЛЬТАЦИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ
Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы А.Қайруллаев БАҚ өкілдеріне арнап баспасөз мәслихатын өткізді. Онда басқарма басшысы жыл басынан бері атқарылған жұмыстар қорытынды туралы хабарлама жасады.
Брифинг барысында баяндалғандай, басқарма тарапынан аймақтағы қоғамдық, саяси, діни ахуал тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында ауқымды істер атқарылып келеді. Мысалы, 2017 жыл басынан бері «Ықтимал әлеуметтік шиеленіс ошақтары Картасына» 44 мәселе енгізіліп, I жартыжылдық қорытындысы бойынша оның 12-сі шешімін тапты.
- Мемлекет Басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауының негізгі ережелерін түсіндіру мақсатында 129 адамнан жасақталған 9 ақпараттық-насихаттық топ құрылып, олар жыл басынан бері 1435 шараға қатысты, соның нәтижесінде 140 мыңнан аса облыс тұрғындары ақпарат алды. Үстіміздегі жылы облыста мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы үкіметтік емес ұйымдардың 153 әлеуметтік жобасы жүзеге асырылуда. Қоғамдық кеңес қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында ақпараттық-консультациялық орталық ашылды. Бұл орталықта тұрғындарды толғандырған мәселелер тыңдалып, талданып, тиісті шаралар жасалуда, - дейді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, 2017 жылға арналған қоғамдық-саяси маңызды шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес басқарманың ұйымдастыруымен Алашорда қозғалысының 100 жылдығына арналған «Алаш мұрасы және Тәуелсіз Қазақстан» халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті, қаланың көрікті жерінен қоғам және мемлекет қайраткері М.Шоқайға ескерткіш ашылды, «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты халықаралық форумы және Семей полигонының жабылуына 26 жыл толуына орай облыстық конференциясы өтті.
- Қазіргі таңда, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген мақсат-міндеттер жүйелі жүзеге асуда. Басқарма жанынан «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыратын жобалық кеңсе ашылып, бірқатар жобалар мен ақпараттық жұмыстар табысты жүзеге асуда. Әрі бұл бағыттағы жұмыстар ары қарай жалғасатын болады" - деп түйіндеді басқарма басшысы.