ЖҮЗДЕН АСТАМ СОТТАЛУШЫ ЖАЗАСЫН МЕКЕНЖАЙ БОЙЫНША ӨТЕЙДІ
Қызылорда облысы аумағында орналасқан барлық түзеу мекемелерінде прокурор кабинеттері жүйелі түрде жұмыс жасап, сотталғандардың жеке сұрақтары бойынша қабылдау шаралары жүргізілуде. Осы қабылдауларда түскен өтініштердің басым бөлігі жазасын тұрғылықты мекен-жайы бойынша өтеуге қатысты болып отыр.
Бұл заңға да қайшы емес, ҚР қылмыстық атқару кодексінің 88-бабының талабына сәйкес, егер сотталғанның мекен-жайы бойынша белгіленген жазаға сәйкес тиісті режимдік түзеу мекемесі болмаған жағдайда жазасын басқа облыста өтеуге жібереді. Керісінше жаза өтеу мекемесі тұрғылықты жерінен шалғай жерде орналасқан жағдайда сотталғандардың туыстарымен кездесуінде қиындықтар туындап жатады.
Ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталғандардың туыстарымен, отбасы мүшелерімен жүзбе-жүз кездесу оң нәтижесін беріп, оның түзелу жолына түсуіне септігін тигізеді. Осыған байланысты өткен облыс прокуроры Х. Дуәешовтің қабылдауында да 130 сотталған азамат мекенжайы бойынша жазасын өтеуге өтініштерін білдірді. Мәселені оң шешу мақсатында облыс прокурорының төрағалығымен аталған түзеу мекемесінде көшпелі жедел мәжіліс өткізіліп, нақты тапсырмалар берілді.
Облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлағандай, ЗК-169/5 мемлекеттік мекемесінде жазасын өтеп жүрген 565 сотталғанның 152-нің тұрғылықты мекен жайлары бойынша қауіпсіздігі барынша жоғары түзеу мекемелері болуына сәйкес, айдауылдауға жататыны нақтыланды.
Қолданылған шаралар нәтижесінде мекемеде жазасын өтеп жүрген сотталғандардың 50-і Алматы облысына, 48-і Оңтүстік-Қазақстан облысына, 5-і өзге облыстарға (барлығы 103) тұрғылықты жері бойынша жазаларын өтеуге айдауылданды.
Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғастырылуда.