ҚАЗАЛЫНЫҢ ҚАУЫНЫ РЕСЕЙДЕ САТЫЛЫП ЖАТЫР
Қазалы ауданының бау-бақша өнімдері Ресей Федерациясының Орск қаласына жөнелтілгенін өткен аптада хабарлаған болатынбыз. Арнайы автоколоннамен Қазалыдан жеткізілген «южанка», «торпеда» атты қауын түрлері Орсктің сауда орындарында қойылды. Жергілікті диқандар еккен 30 тонна қауын екі тәулікте-ақ түгелдей сатылып кеткен.
Бақша өнімдерін апарған «Самұрық», «Майдакөл» кооперативтері мен жеке кәсіпкер Бекболат Бибалаев түскен табыстың көңілдеріне қонымды екендіктерін әрі кедендік мәселелердің болмағанын айтады. Ұсынылған өнімдер сапасына ресейліктер жоғары баға берген.
Жалпы биыл Қазалы ауданынан 190 тонна бау-бақша өнімдері экспортқа шығарылды. Қазалы өнімдері Ресей Федерациясының Мәскеу, Орск қалаларынан өзге Ақтөбе, Ақтау, Атырау мен Арал, Байқоңыр, Түркістан, Жезқазған қалалары мен аудандарына да жөнелтілуде.