ҚЫЗЫЛОРДАДА «ҚАНАТ» СПОРТТЫҚ-САУЫҚТЫРУ ОРТАЛЫҒЫ САЛЫНАДЫ
Қызылордада церебральды сал ауруы диагнозымен ауыратын балаларды емдеумен айналысатын «Қанат» спорттық-сауықтыру орталығы мемлекеттік қолдауға ие болды.
Республикада баламасы жоқ бірегей орталықтың негізін қалаушы Сәкен Темірқұлов өзінің әдістемесі бойынша мүмкіндігі шектеулі балаларды емдеумен айналысып келеді. Орталықтағы ем-шаралардың тиімділігі нәтижесінде аймаққа емделушілер өзге өңірлерден ғана емес, сондай-ақ шетелдерден де келуде. Сәкен Темірқұлов 70-тен аса жаттығу құрылғыларын ойлап тауып, оларды қисайған буындарды түзеу ем-шараларына қолданып келеді. Сонымен қатар корсеттер тігіліп, БЦС-мен ауыратын бөбектерге қайтарымсыз негізде сыйға тартады.
«Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында жеке кәсіпкер Сәкен Темірқұлов БЦС-мен ауыратын балаларға ота жасауға мүмкіндік беретін спорттық-сауықтыру орталығына арналған жаңа ғимараттың құрылысын аяқтауды жоспарлап отыр. Жобаны «ЦеснаБанк» АҚ және «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ қолдап, банктен несие рәсімдеу мақсатында Сәкен Темірқұловқа «Даму» қоры тарапынан 50% кепілдеме берілді.
Орталықтың жаңа ғимаратында 200 емделушіге арналған 2 жаттығу залы, шеберхана, егу-емдеу бөлімі, ота жасау бөлмесі мен қысқы бақ орналасатын болады.
Орталық жетекшісі Ресей Федерациясының еңбек сіңірген өнертапқышы, медицина ғылымдарының докторы, профессор В.Б. Ульзибаттың әдістемесі бойынша ота жасайтын зал ашуды көптен армандаған еді, енді мемлекеттік қолдау аясында бұл жоспар жүзеге асатын күн алыс емес. Ульзибат әдісін енгізу үшін сауықтыру орталығына Ресейлік үздік хирург дәрігерлер шақыртылатын болады.
Церебральды сал ауруыбүгінгі таңда балалар арасында жиі кездесетін ауру және жыл өткен сайын науқастар саны артуда. Оларға тиімді ем-шаралар көрсететін арнайы мамандандырылған сауықтыру орталықтарының жетіспейтіндігін де айта кетейік. Кәсіпкер Сәкен Темірқұловтың жобасы табысты жүзеге асса «Қанат» сауықтыру орталығы базасына бір уақытта екі жүзден аса БЦС диагнозымен ауыратын балалардың емделуіне мүмкіндік туады.
«Қанат» спорттық-сауықтыру орталығындағы кешенді емдеу шаралары массаж, физиотерапия, бобат-терапия және арнайы жаттығу құрылғыларындағы емдік дене шынықтыруды жоғары білікті мамандар жүргізетін болады.