ҚАЗАЛЫ АУДАНЫНДА ЕТ КОНСЕРВІЛЕУ ЗАУЫТЫ САЛЫНАДЫ
Қызылорда облысы Қазалы ауданында ет консервілеу зауытын салу жоспарлануда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазір ет кластері бойынша дайындық жұмысы қызу жүргізілуде. Аймақта «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» бағдарламасы аясында ауқымды шаралар іске асырылуда. Қазалы ауданындағы «Сыр Маржаны» ЖШС-ның 500 басқа арналып салынған ірі қараны бордақылау алаңында жыл басынан бері 200-ден астам сиыр бордақыланып, оның 100-і сойылып, сатылды. Бүгінгі күні алаңның қуаттылығын 3 000 басқа ұлғайту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар алаң жанынан ет консервілеу зауытын ашу жоспарланып, ет кластерін жасау үшін дайындық жұмыстары басталды. РФ Астрахань қаласының әкімшілігімен 20 тонна ет өнімін экспортқа шығару жөнінде меморандум жасау бойынша келіссөздер жүргізілуде. Мал шаруашылығының дамуына дем берген «Сыбаға» бағдарламасы аясында осы жылы 262 бас аналық сиыр мен 9 бас асыл тұқымды бұқа сатып алу жоспарланған.
Еске сала кетейік, «Қазақстан Республикасында ІҚМ етін экспорттық әлеуетін дамыту жобасын» «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ және «ҚазАгроӨнім» АҚ Елбасының АӨК экспорттық әлеуетін ұлғайту қажеттігі туралы тапсырмасын орындау үшін әзірлеген.